Шымкент қаласында табиғи апат – жойқын жер сілкінісі туындаған жағдайда азаматтық қорғау күштері мен шұғыл қызметтердің іс-қимылдарын пысықтауға бағытталған «Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларына жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл оқу-жаттығу — төтенше жағдайларда халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, апат салдарын жою және мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысын ұйымдастыру мақсатында өткізілетін маңызды шаралардың бірі.
Аталған оқу-жаттығуға Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 52859, 28237 және 68303 әскери бөлімдерінің жеке құрамы мен арнайы техникалары тартылды. Сонымен қатар, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарынан келген жедел әрекет ету топтары да оқу-жаттығуға белсенді қатысуда. Бұл құрамдар апатты жағдайларда шұғыл шешім қабылдау мен тиімді әрекет ету дағдыларын тәжірибеде көрсетеді.
Төтенше жағдайлардың салдарын жою жөніндегі кешенді жоспар аясында оқу-жаттығуға Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктерінің мамандандырылған құтқару бөлімшелері мен қызметкерлері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен өзге де мүдделі мекемелер жұмылдырылған. Мұндай кең ауқымды қатысу — ел көлеміндегі төтенше жағдайларға бірлесіп әрекет ету механизмін жетілдіруге ықпал етеді.
Шымкент қаласында Төтенше жағдайлар министрлігінің алдыңғы шептегі жедел тобы мен жергілікті билік органдары бірлесе отырып, апат салдарын жою бойынша практикалық іс-қимылдарға арналған төрт оқу полигонын дайындады. Бұл полигондарда нақты жағдайға барынша жақын сценарийлер негізінде жаттығулар өткізіліп, әр қызметтің рөлі нақты пысықталуда.
Жер сілкінісі нәтижесінде баспанасынан айырылған халықты уақытша орналастыру мақсатында шатырлы лагерь құрылып, барлық қажетті инфрақұрылым қарастырылған. Бұл лагерьде тұрғын аймақтар, санитарлық-гигиеналық тораптар, душ пен дәретханалар, тамақтану аймағы, шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған Апаттар медицинасы орталығының мобильді госпиталі орналастырылған. Сонымен қатар, халыққа мемлекеттік қызмет көрсету үшін мобильді халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) мен заманауи байланыс пункті жұмыс істейді.
Оқу-жаттығу барысында ТЖМ құтқарушылары мен азаматтық қорғау қызметтері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар заманауи техника мен арнайы құрал-жабдықтарды пайдалана отырып, эвакуациялау, уақытша орналастыру пункттерін жайғастыру, алғашқы көмек көрсету, іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу және зардап шеккен халыққа кешенді көмек көрсету алгоритмдерін тәжірибеде пысықтауда.
Мұндай кең ауқымды және жан-жақты оқу-жаттығулар азаматтық қорғаныс жүйесінің төтенше жағдайларға дайындығын арттыруға, әр түрлі қызметтердің өзара іс-қимылын нығайтуға және апаттар кезінде халықтың өмірін сақтап қалуға бағытталған тиімді шара болып табылады. Сонымен қатар, бұл оқу-жаттығу халықтың төтенше жағдайлар кезіндегі әрекет ету мәдениетін арттырып, қауіпсіздік саласындағы білімін тереңдетуге де септігін тигізеді.
