Бүгін “Таза Қазақстан” жобасы аясында Шымкентте жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.
Сенбілікке ардагерлер, коммуналдық сала қызметкерлері, үй басқарушылары, кәсіпкерлік нысан иелері, қала тұрғындары және эко-белсенді жастар қатысты.
Мұндай ізгі шара — қаланың барлық аудандарында жаппай өткізілуде және қоқыстарды жинау, тазалықты сақтау, жалпы қоршаған ортаға ұқыпты қарау құндылықтары мен мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Тазалық іс-шарасына қатысушылар Президенттің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы еліміздің экологиялық мәдениетін көтеруге, табиғатты аялап, қоршаған ортаны қорғауға оң ықпал ететінін айтып, барша азаматтарды осынау игілікті іске белсенді түрде атсалысуға шақырады.
Абай ауданы бойынша “Шымкент сити”, “Асар” шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үй аулалары, қоқыс жәшіктері мен балалар ойын алаңшасы аумағы және ирригациялық арық жүйелері қоқыстан тазартылды. Сенбілік аясында 300-ден астам адам мен 10 арнайы техника көмегімен 80 тонна қоқыс шығарылды.
Ал, Әл-Фараби ауданында сенбілікке 400-ден астам адам мен 22 арнайы техника жұмылдырылды. Аудан аумағынан 20 тонна қоқыс жиналды.
Тұран ауданы әкімдігінен БМК каналының аумағын тазалау үшін 300-ден астам адам мен 10-нан аса техника жұмылдырылды. Нәтижесінде, 150 тонна қоқыс шығарылды.
Еңбекші ауданында тазалық жұмыстары 9 орында ұйымдастырылды. Жалпы 1800-ден астам адам мен 24 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде Бадам өзені жағалауы, көпқабатты тұрғын үй аулалары және орталық көшелер тазартылды.
Қаламыздың тазалығын сақтау – барлық тұрғындардың парызы. Қоршаған ортаны ластауға жол бермей, тұрмыстық мәдениетті ұстануға шақырамыз!