Шымкентте газ жабдықтарын пайдалану кезінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілді.
Қала әкімі Ғ.Сыздықбековтың тапсырмасымен «Шымкент қаласының газ техникалық қызметі» құрылды.
Мекеме қызметкерлері қала тұрғындарына газ тұтыну жүйелері мен газ жабдығын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жадынамалар таратуда.
Газбен жабдықтау туралы заңнамада газ жабдығының меншік иелері олардың техникалық жай-күйін және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылар газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестатталған, мамандандырылған тәуелсіз ұйыммен өздеріне тиесілі газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасасуға міндетті екені көрсетілген.
Еске саларлық, Мәжіліс депутаттары 19 маусымда өткен жалпы отырыста газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемді тұтыну мәселелері жөніндегі заң жобасын қарастырған болатын.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин газ саласы мәселелері бойынша түзетулер туралы айтып берді.
«Газ саласы бойынша ұлттық оператор тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінің құрылысын жобалауға арналған тапсырмаларды және олардың жобалау-сметалық құжаттамасымен келісетін болады. Сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінің құрылыс жобаларына техникалық сүйемелдеуді жүзеге асырады. Сонымен қатар, газды үнемді пайдалануды ынталандыру, ішкі нарықта сату кезінде газды есепке алудың ашықтығы мен автоматтандырылуын қамтамасыз етеді. Жеке газ тарату ұйымдарының қызметін мемлекеттік реттеу және тариф қалыптастырудың жаңа әдістерін енгізеді», — деді Еділ Жаңбыршин.
Айта кетейік, 2024 жылғы 12 маусымда Ақордада Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев 1 шілдеден бастап Қазақстанда сұйытылған газ бағасын көтеру жоспары туралы айтты.
Айта кетейік, мекеменің орналасқан жері: Шымкент қаласы, Абай ауданы, М.Сарсенбаев көшесі, 84 «а» үй. Тел: 8 (7252) 77 93 41.
Жалпы жарамсыз газ жабдығын пайдалану аса қауіпті екенін ескере отыра, қала тұрғындарын қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырамыз.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі