Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімовтың төрағалығымен өткен жиынға прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және басқа да бақылау-қадағалау органдарының, кәсіпкерлер палатасының, салалық басқармалар мен аумақтық департаменттердің басшылары, кәсіпкерлер қатысты.
Қала басшысының орынбасары жыл сайын өткізілетін ауқымды жиынның мақсаты – ҚР заң талаптары бұзылуының алдын алу, кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру екеніне тоқталды.
«ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жылына бір рет Бірыңғай есеп күні өткізіледі. Былтырғы кездесуде айтылған ұсыныстар жүзеге асырылуда. Мұндағы мақсатымыз – ҚР заң талаптарын бұзудың алдын алу, кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру. Және мемлекеттік органдар мен бизнес-қауымдастық арасындағы байланысты нығайтады», – деді Айдын Мейрамбекұлы.
Қоса кететін, 2019 жылдың 30 қыркүйегінде Шымкент қаласында ҚР Президентінің тапсырмасы аясында «Бірыңғай есеп күні» өткізіледі. Аталған іс-шараны өткізудің мақсаты – заңнама талаптарын бұзудың алдын алу мен кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру. Сонымен қатар, «Есептің бірыңғай күні» аясында бақылау-қадағалау органдары кәсіпкерлер алдында есеп береді және олармен мемлекеттік бақылау мен қадағалау саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі идеяларды талқылайды. Атап айтсақ, кездесуге Шымкент қаласының әкімдігі, Прокуратура органдары, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ, Шымкент қаласындағы басқа да бақылау-қадағалау органдарының өкілдері қатысады. Тиісінше, кәсіпкерлер осы мүмкіндікті пайдаланып, бақылау-қадағалау органдарына көкейдегі сұрағын қоя отырып, жауабын ала алады.
Жиын барысында мемлекеттік органдардың басшылары 8 айда атқарылған жұмыстары туралы баяндама жасап, кәсіпкерлер тарапынан туындаған сұрақтарға жауап берді.
Шымкент қалалық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сапарбек Ешанқұлов тиісті жұмыстар нәтижесінде ашықтыққа ұмтылған кәсіпкерлер саны артқанын айтып, нәтижесінде бюджетке түсімдер көбейгеніне тоқталды.
«Өздеріңізге белгілі, жыл басынан бері жан-жақты жұмыс жүргізу нәтижесінде Шымкент қаласының бөлшек салық мөлшерлемесі 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетілді. Оған қоса өзін өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы салық режимін қолдану жеңілдетілді. Сонымен қоса салық берешегін мәжбүрлеп өндіру барысына өзгеріс енгізілді», – деді Сапарбек Ешанқұлов.
Қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов бөлшек салық мөшлермемесінің екі есеге төмендегені бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуді ұсынды.