2024 жылғы 6 қарашада ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімінде бөлімнің құрылғанына 62 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті.
6506 әскери бөлімінің тарихы өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастау алады. Қазақ КСР Ішкі істер министрі 1961 жылғы 7 қазанда ҚазКСР ІІМ Ішкі әскерлер және айдауыл күзеті бөлімінің жеке дивизионын ұйымдастыру және қалыптастыру туралы бұйрыққа қол қойды.
1962 жылы 6 қарашада милиция генерал-майоры Құлахмет Халменов дивизион командирі подполковник Петр Головачевке Жауынгерлік Туды табыс етті. Осы маңызды оқиғаны еске алу үшін Ту берілген күн әскери бөлімнің туған күні болып белгіленді.
Салтанатты рәсімге бригаданың басшылығы, ардагерлері мен жеке құрамы, сондай-ақ өзара іс-қимыл жасайтын органдардың өкілдері қатысты.
— «62 жыл ішінде біздің бригада қалыптасу мен дамудың үлкен жолынан өтті. Қазіргі уақытта бригаданың жеке құрамы Шымкент және Түркістан қалаларында қоғамдық тәртіпті сақтап, бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда біздің әскери қызметшілер өздерінің жетістіктерімен қазақстандық аға буын жауынгерлерінің дәстүрлерін жалғастыра отырып, жүктелген сенімді ақтауда. Барлық жеке құрамды осы айтулы күнмен шын жүректен құттықтаймын», — деді әскери бөлім командирі полковник Марат Рахпанов.
Осындай маңызды іс-шара аясында жеке құрамға үлгілі қызметі үшін грамоталар табыс етілді. Әскери бөлімнің дамуына үлес қосқан және оның қалыптасу басында тұрған ардагерлерге ерекше назар аударылды.
Марапаттау рәсімінен кейін қонақтарға әскери оркестр мен Шымкент қаласы филармониясы солистерінің орындауында мерекелік концерт ұсынылды.
Салтанатты шара ұжымдық суретке түсумен аяқталды.