Шетелдіктердің басым бөлігі «Shym Qala» тарихи-мәдени орталығы мен «Арбат» демалыс алаңына қызығушылық танытып отыр.
e-Qonaq желісіндегі сараптамалық көрсеткіш бойынша үшінші Шымкент қаласында 3 ай ішінде шетелден 10 837 қонақ келген, деп хабарлайды R-FACTOR.KZ ақпарат агенттігі.
Олардың көбі Өзбекстан, Ресей, Қытайдан келген туристер. Шетелдіктердің басым бөлігі «Shym Qala» тарихи-мәдени орталығы мен «Арбат» демалыс алаңына қызығушылық танытып отыр. Статистикаға көз жүгіртсек, сұранысқа ие туристік орталықтар қатарында қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі, тарихи-өлкетану мұражайы мен “Бәйдібек би” монументі бар. Кез келген қала қонағы мегаполистің демалыс орындары туралы «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының дүңгіршектері арқылы біле алады. Жыл басынан бері орталық 100-ге жуық азаматқа қызмет көрсеткен. Дүңгіршектер Әл-Фараби алаңы, 2/10 және Бакбаев көшесі, 51в мекен-жайында орналасқан. Айта кетейік, туризм басқармасы тарапынан қала туризмін дамытуға үлес қосқан бизнес иелері үшін ынталандыру шаралары қарастырылған.
Шымкентте туризмді дамыту мақсатында қаладағы инфрақұрылымдарға мониторингтік жұмыстар жүргізіліп жатыр. Яғни сырттан турист келгенде қандай жерлерге барады? Осы мәселеге алдымен көңіл бөлінуде. Мегаполисте жүзге жуық туристік нысан бар. Соның ішіндегі ең маңыздысы әрі шоқтығы биігі ол – цитадель. Яғни ескі қала аумағындағы бұрынғы қалпына келтірілген қорған ғимараты. Тарихи құндылығына орай ол әлеуметтік желілерде басқа да жарнамалық құралдар арқылы насихатталып отырады. Содан соң қаланың мақтанышы саналатын дендрологиялық саябақ бар. Ол жерде тал-теректің, ағаштардың 500-ден аса түрі өседі.
Басқарма туристік қызмет объектілерін салу және реконструкциялау кезіндегі шығындардың 10%-ын өтеп, туристік автобустарды сатып алу бойынша 25% өтемақы береді. Сонымен қатар, жол бойындағы сервис объектілерін салу кезінде 10% өтемақы қарастырылған және кәсіпкерлік субъектілерінде санитариялық-гигиеналық тораптарды ұстауға ай сайын 83 300 теңге мөлшерінде субсидия бөлінеді.