Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Забадам елді-мекені тұрғындарына арналған құқықтық сауаттылық және өмірлік маңызды дағдылар бойынша кездесу өтті.
Кездесуге Құқықтық сауаттылық бойынша «Әділдік жолы» қоғамдық ұйымының шымкент қаласы филиалының төрағасы Айжан Кесебай, психолог-оратор Марал Жұмагелді мен Мансап орталығының маманы Журимбаева Сайда қатысты.
Сала мамандары заңдағы өзгерістер мен құқықтық сауаттылық жөнінде сөз қозғап, шалғайлық тұрғындарға мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктер мен бағдарламалар жөнінде жеткізді.
«Заң үстемдігі орнықпаса, азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы Жолдауында әділетті мемлекет құрудың алғышарты осындай жолмен айшықталған еді. Азаматтардың мүддесін қорғау жолында елімізде еңбектеніп жүрген кәсіби білікті заңгер көп. Тегін құқықтық көмек беру кезінде халықтан келіп түсетін сұрақтардың басым бөлігі борышкерлерден алимент өндіруге қатысты екен. Бұл елімізде алимент төлемейтін әкелердің проблемасы өзекті екенін аңғартады. Көп қойылатын екінші сұрақ қарыз өндіруге байланысты. Қарапайым жұрт бір-біріне қарыз бергенде, нотариуске барып, займ шартын жасау немесе қолхат алу керектігін біле бермейді. Ауызша жасалған келісіммен қомақты қаржыларын ұстата салады да, кейін қарызын қайтара алмай, сорлап жүреді. Қарызын ауызша мәміле, куәгер, хат алмасу арқылы да өндіруге болатынынан жұрттың дені хабарсыз. Сотта қарызды өндіру бойынша дау туғызу жолдарынан бейхабар. «Қазіргі таңда онлайн займ беретін ұйымдардан аузы күйгендер өте көп», дейді адвокат. – Онлайн несие алудың жолы тез әрі ыңғайлы болғанымен, олардың жылдық пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары.
Құқықтық сауаттылық әр адамға керек. Әсіресе, қазіргі заманда. Себебі қазір барлық жерде заң үстемдік етеді. Заң жүрген жерде әр адамның құқығы қоса жүреді. Барлық адам тең құқылы. Ешкімнің ешкімге зәбір көрсетуге, әлімжеттік жасауға құқы жоқ. Бұл әр адам білуі керек болған құқықтық сауаттылықтың әлқисасы.
Сонымен тағы нені білуіміз керек дегенде, мыналарды ескерген жөн. Еліміздегі әр тұрғын тегін орта білім алуға, тегін медициналық тексерістерден өтуге құқылы. Бұл мемлекеттің өз азаматтарына жасаған дүниесі. Әлеуметтік желіге көз салсаң, ана дәрігер ақша бермесең қарамаймын дейді, мына мұғалім төрттік, бестік баға үшін сыйлық сұрады деген жаңалықтарды көзіміз шалып жатады. Бұл жерде адамның құқығы тапталып жатыр.