Бүгін еліміздің барлық өңірлерінде бір мезгілде ұйымдастырылған “Халық заңгері” жалпыреспубликалық акциясы Сауран ауданында да өткізілді.
Аталған шараның мақсаты — құқықтық көмекке мұқтаж азаматтарға тегін кеңес беру және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Акция аясында аудан тұрғындарына түрлі саладағы заңгерлер, адвокаттар, мемлекеттік және жеке сот орындаушылары, сондай-ақ нотариаттық қызметті жүзеге асыратын лауазымды тұлғалар құқықтық көмек көрсетті.
Іс-шараға Түркістан–Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық заң консультанттары палатасының тәжірибелі заңгерлері — Құдасова Айсара және Шойбеков Ақжол қатысты. Олар азаматтардың сұрақтарына нақты жауап беріп, құқықтық мәселелерді шешу жолдарын түсіндірді.
Сондай-ақ, акцияға мемлекеттік сот орындаушысы мен жеке сот орындаушылары да қатысып, алимент өндіру, сот шешімдерінің орындалуы, мүліктік даулар және өзге де маңызды мәселелер бойынша кеңес берді.
Аудан тұрғындары бұл шараға белсенді қатысып, өздерін толғандырған мәселелер бойынша нақты әрі кәсіби жауаптар алды. Көпшілік тарапынан мұндай бастаманың маңыздылығы атап өтіліп, “Халық заңгері” акциясы халық пен құқық қорғау құрылымдарының ашық әрі тиімді диалог алаңына айналғаны айтылды.
