Сайрам аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының бастамасымен аудан аумағындағы автокөлік жүргізушілеріне автокөліктегі өрт қауіпсіздігінің алдын алу жайлы рейдтік іс-шара өткізілді.
Аталған іс-шара аясында темір тұлпар тізгіндеушілерге төтеншеліктер түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
— Егерде өрт оқиғасы орын алған жағдайда ең алдымен, жасалатын шара, ол — автокөлікті тез арада тоқтатып, қозғалтқышты өшіру қажет. Содан кейін аккумулятор батареясын ажыратып, жолаушыларды қауіпсіз орынға көшіру керек. Ал өртті болдырмау үшін көліктерді уақытылы және үнемі техникалық қызмет көрсетуден өткізіп тұру, егер автокөлік газбен жүретін болса, арнайы көлік шеберханаларында электроникаларды мұқият орнатып, электр жабдықтары мен бензобакты тұрақты түрде тексерістерден өткізіп тұру қажет, — деп түсіндірді төтеншеліктер.
Аталған іс-шара аясында қоғамдық және жеке автокөлікте өрт орын алған кезде «101», «112» телефон нөмірлеріне хабарлау керектігі жазылған өрт қауіпсіздігі ережелерінің жадынамалары таратылды, деп хабарлайды Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.