Қоғамның тұрақты дамуы мен рухани тұтастығы – әрбір азаматтың, әсіресе жастардың тәртіпке бағынуы мен бірлікке деген көзқарасына тікелей байланысты. Осы орайда Түркістан қаласында жастар тәрбиесіне бағытталған маңызды іс-шара өтті. Түркістан қаласы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімі мен қалалық “Жастар ресурстық орталығы” КММ мамандарының ұйымдастыруымен жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері арасында “Тәртіп – тән үшін, ынтымақ – жан үшін” атты тақырыптық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарға қоғамдық тәртіптің, заңға бағынудың маңыздылығын түсіндіру, сондай-ақ қоғамда бейбітшілік пен ынтымақтың орны ерекше екенін ұғындыру. Ұйымдастырушылар “тәртіп – сыртқы тәрбие, ынтымақ – ішкі сана” деген қағиданы алға тарта отырып, жастардың бойында азаматтық жауапкершілікті, отансүйгіштікті және адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған әңгіме өрбітті.
Шара барысында Жастар ресурстық орталығының мамандары жастармен еркін форматта ашық диалог жүргізіп, олардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар мамандар студенттерге тәртіптілік пен заңға құрмет көрсету – әр адамның борышы екенін атап өтіп, бұқаралық мәдениет пен әлеуметтік желілердегі теріс бағыттардан сақтану қажеттігі туралы кеңес берді.
“Тәртіп – тән үшін, ынтымақ – жан үшін” деген ұлағатты сөз іс-шараның негізгі ұранына айналды. Қатысушылар бұл сөздің терең мағынасын ашуға тырысып, тәртіп пен ынтымақтың адам өміріндегі және қоғам дамуындағы рөлі туралы өз ойларымен бөлісті. Көптеген студенттер тәртіптілік – тек ереже сақтау емес, сонымен қатар өз-өзіне, айналасына және мемлекетке деген құрметтің белгісі екенін айтты. Ал ынтымақ – әртүрлі көзқарастағы адамдардың бір мүдде жолында бірігуі, бір-біріне деген құрметі мен түсіністігі екеніне тоқталды.
Шара соңында жастарға арналған мотивациялық ұсыныстар беріліп, патриоттық бағыттағы ақпараттық жадынамалар таратылды. Сонымен бірге, студенттер белсенділік танытып, қоғамдағы өз рөлдерін ұғынуға ынталы екендерін көрсетті.
Осындай іс-шаралар жастар арасында құқықтық мәдениетті арттырып қана қоймай, оларды қоғамға бейімдеуге, ынтымақ пен тәртіпке негізделген тұрақты көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік береді. Түркістан жастарының бойында отанға деген сүйіспеншілік, тәртіпке бағыну және ынтымаққа ұмтылыс бар екендігі осындай кездесулер барысында тағы да бір мәрте дәлелденді.