Ал жаңа 109-1 бап «Ұрып-соғу» деп аталады. Яғни «тән ауруына ұшыратқан, бірақ денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге алып келмеген ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерін жасау».
Жазасы – 80 АЕК дейін айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не 25 тәулікке дейін қамауға алу.
Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру деп аталатын 106-баптан «бас бостандығын шектеу» деген сөз алынып тасталды. Яғни жаза қатаңдылды. Осы баппен айыпталғандар 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
107-баптан да (Денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіру) «бас бостандығын шектеу» түріндегі жазаның баламалы түрі алынып тасталды.
Қылмыстық кодекстің азаптау бабы да (110-бап) өзгеріске ұшырады. Жаңа норма бойынша азаптау тек қайталанған, жүйелі түрдегі ұрып-соғу емес. Енді аса қатігездікпен және қорлау арқылы жасалған бір реттік зорлық-зомбылық та азаптауға жатқызылады. Бұл бап бойынша 1000 АЕК дейін түзеу жұмыстары не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
105-баптың атауы «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, өзін-өзі өлтіруге көндіру немесе өзін-өзі өлтіруге ықпал ету» деп толықтырылды. Бұрын ол жай ғана «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» деп аталатын.
Сондай-ақ депутаттар суицидті насихаттауды әлеуметтік қауіпті әрекет ретінде криминализациялау негізді деп шешіп, Қылмыстық кодекске «313-1-бабын «Өзін-өзі өлтіруді насихаттау» кіргізді. Егер суицидті әлеуметтік желіде немесе тағы басқа жолдармен насихаттаудың арты адам өлімімен аяқталса, насихаттаушы үш жылдан бес жылға сотталады…