Бүгін Тұран ауданы жұмыспен қамту бөлімшесінде «Ашық есік» күні өтті. «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы және «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен шара қала жастарына жеке ісін ашуға көмектесу, кәсіпкерлік қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамыту, яғни кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында халықты жұмыспен қамту, 2023-2027 жылдарға арналған «AMANAT» партиясының Шымкент қаласы бойынша «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасын орындау үшін әзірленген Жол картасы аясында жастарға жеке ісін ашу үшін жағдайлар жасауды мақсат етті.
«Ашық есік» күні аясында «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ерлан Айтбаев, фракция жетекшісі, қалалық мәслихат депутаты Қайрат Имашев, партияның Еңбекші аудандық филиалының атқарушы хатшысы Гүлжайна Жартыбекова қабылдау жүргізіп, келушілерге кеңес берді.
Әсіресе, мамандар жастарға арналған жеңілдетілген 2,5% несие бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, несиелеу шарттарын таныстырды. Халықтың әлеуметтік осал топтарына мемлекеттік грант беру бойынша ақпарат беріліп, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау т.б басқа мәселелер бойынша толық ақпараттар айтылды.
5 жыл мерзімге жылдық мөлшерлемесі 2,5% болатын несиені жастар ала алады. Олардың жасы 21-ден 35-ке дейін, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болуы тиіс. Бұдан бөлек, грант беру құралдары жасалмақ. Бұл кредиттерді «Аграрлық кредиттік корпорациясы» арқылы алуға болады.