• Пт. Июл 4th, 2025
Популярные метки

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА 3069 ТҮЛЕК МЕКТЕП БІТІРДІ

Автор:admin

Май 23, 2025
Spread the love

Бүгін еліміздің барлық өңірінде мектеп бітіруші түлектер үшін соңғы қоңырау соғылып, жаңа өмірге қадам басқан жастар үшін ерекше күнге айналды. Түркістан қаласында да бұл маңызды сәт кең көлемде аталып өтті. Биыл Түркістан қаласы бойынша 3069 оқушы алтын ұя мектебімен қоштасып, үлкен өмірге жолдама алды.
Салтанатты шаралар қаладағы барлық мектептерде ұйымдастырылып, ата-аналар, ұстаздар мен оқушылар естен кетпес әсерлі сәттерге куә болды. Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Төле би атындағы №19 жалпы орта білім беретін мектепте өткен соңғы қоңырау рәсіміне қатысып, түлектерге жүрекжарды тілегін білдірді.
Сіздерге сенім артып отырған ел бар, үміт күткен ата-ана, талмай еңбек еткен ұстаз бар. Арманға апарар жол – білім мен еңбектен басталатынын ұмытпаңыздар. Қайда жүрсеңіздер де туған жердің, қасиетті Түркістанның атын абыроймен шығарыңыздар! Сіздерге ақ жол, жарқын болашақ, сәттілік пен табыс тілеймін! – деді қала басшысы өзінің құттықтау сөзінде.


Биыл Түркістанда 55 мыңнан астам оқушы білім алды:
2024–2025 оқу жылында Түркістан қаласы бойынша жалпы саны 55 252 оқушы білім алды. Соның ішінде 3069 оқушы 11-сыныпты аяқтап, мектеппен қоштасты. Бұл түлектер – ел ертеңі, болашақтың тірегі.
Түлектердің білім сапасы мен жетістіктері де назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, 244 оқушы «Үздік аттестатқа», ал 183 түлек «Алтын белгіге» үміткер болып отыр. Бұл – ұстаздардың жүйелі еңбегі мен оқушылардың табандылығының жемісі.
Сонымен қатар, 2799 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады деп жоспарланған. Бұл көрсеткіш – жоғары оқу орындарына түсуге талпынған жастардың белсенділігін көрсетеді. Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, биылғы түлектердің арасында халықаралық және республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жобалар байқауларында жүлдегер атанған жастар да бар.


Мектеппен қоштасу – жаңа өмірдің бастамасы:
Соңғы қоңырау – әрбір түлек үшін балалық шақпен, мектеп қабырғасындағы естеліктермен қоштасатын ерекше әрі толғанысты сәт. Бұл күн – жас түлектің жаңа өмірге, үлкен белестерге алғашқы қадамы. Шара барысында түлектер өз алғыстарын ұстаздары мен ата-аналарына білдіріп, мектеппен қоштасу вальсін биледі.
Салтанатты жиында қала мектептеріндегі оқу сапасын арттыру, білім беру инфрақұрылымын жаңғырту және ұстаздарды қолдау бағытындағы жұмыстар да айтылды. Қала әкімдігінің мәліметінше, соңғы жылдары Түркістанда жаңа мектептер салынып, білім беру нысандары күрделі жөндеуден өтті. Бұл өз кезегінде білім сапасына оң әсер етіп отыр.
Мектеп түлектері үшін соңғы қоңырау – тек қоштасу емес, үлкен армандарға бастар жолдың алғашқы қадамы. Түркістан қаласының жастары алдағы ҰБТ сынағында жоғары нәтиже көрсетіп, еліміздің әр түкпіріндегі жоғары оқу орындарынан білім алуға ниетті. Олар қай жерде болмасын туған елінің намысын қорғап, Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосады деп сеніммен айтуға болады.
Түркістан қаласы әкімдігі мен білім бөлімінің өкілдері түлектерге жарқын болашақ, сәттілік пен табыс тілей отырып, олардың өмір жолына сәттілік тіледі.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика