Бүгін «AMANAT» партиясының Түркістан қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде Түркістан қалалық мәслихат депутаты Асылов Ақниет Дүйсенбайұлы азаматтарға жеке қоғамдық қабылдау өткізді.
Қоғамдық қабылдауға жүгінген қала тұрғындары денсаулық және әлеуметтік сала мәселелерін көтерді.
Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына қатысты саясаттың тиімділігін бағалау үшін алдымен әлсіз әлеуметтік топқа жататын азаматтардың әр өңірдегі үлес-салмағын әр категория бойынша біліп алған дұрыс. Азаматтардың кей категориясы арнайы қамтамасыз етуді, ерекше инфрақұрылымды қажет етеді.
Халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына қатысты мемлекет ұсынатын қандай да бір мүмкіндіктер мен қызметтер туралы ұсынылған ақпарат та толық емес. Азаматтардың өзі бұл жағдайды қалай шешіп жүргенін, олардың ақпараттық жағынан қаншалықты хабардар екенін, тиісті көмекті қандай көлемде және қаншалықты сапалы алып жүргенін түсіну де қиын.
Әлеуметтік жағынан әлсіз топқа белгілі бір жағдайларға байланысты үйінен, асыраушысынан немесе еңбек ету қабілетінен айырылған (туғаннан болмаған) азаматтарды жатқызады.
Кіріс тұрғысынан алғанда, әңгіме өмірлік жағдайының қиын болуына байланысты кірісі төмен немесе ешқандай ақша табуға мүмкіндігі жоқ азаматтар туралы.
ҚР азаматтарының әлеуметтік әлсіз топтары:
1) Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
1-1) Жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
1-2) Басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
2) 1 және 2 топтағы мүгедектер;
3) Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар;
4) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін аурулар тізімінде аталған кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар жатады;
5) Жасына байланысты зейнеткерлер;
6) Кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жатады. Мұндай адамдар әскери қызметке шақырылған кезде жасы мерзімді әскери қызметті өткеру мерзіміне ұзартылады;
7) Қандастар;
8) Экологиялық зілзалалар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар;
9) “Алтын алқа”, “Күміс алқа” алқаларымен наградталған немесе бұрын “Батыр Ана” атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі “Ана даңқы” ордендерімен наградталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар;
10) Мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді, әскери қызметті орындау кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқық тәртібін қорғау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;
11) Толық емес отбасылар.
Айта кететін, емханалардағы әлеуметтік қызметкердің негізгі міндеттері:
— муниципалдық органдармен (денсаулық сақтау, полиция, халықты жұмыспен қамту және т. б.), қоғамдық және діни ұйымдармен бірлесіп әлеуметтік-медициналық қызмет көрсетуге мұқтаж азаматтарды анықтау және оларды есепке алу;
— өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда оны еңсеру үшін әлеуметтік қызметтер көрсету және жағдайлар жасау;
— үйде әлеуметтік-медициналық қызмет көрсетуді қажет ететін азаматтарға, олардың денсаулық жағдайына, өзіне-өзі қызмет көрсету мүмкіндігіне қарай көмектің нақты нысандарын айқындау;
— өз қызметін дәрігерлермен, орта медицина қызметкерлерімен, психологтармен тығыз өзара әрекеттестіруді жүзеге асыру және оларға аурулардың әлеуметтік және психологиялық аспектілерін түсінуге көмек көрсету;
— емделушіні медициналық және психологиялық оңалтуға жәрдемдесу;
— медициналық көмек алу кезеңінде емделушінің қауіпсіздігін жақсартуға және оның құқықтарын сақтауға жәрдемдесу;
— балалар мен жасөспірімдерді медициналық қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау;
— азаматтарға үйде әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсету.
Үйде көрсетілетін әлеуметтік-медициналық қызметтер әлеуметтік әділдіктің мынадай қағидаттарын сақтау шарттарында ұсынылуға тиіс:
— азаматтың және адамның құқықтарын сақтау;
— егде жастағы азаматтар мен мүгедектердің жеке қажеттіліктеріне әлеуметтік қызмет көрсетуді бағдарлау;
— егде жастағы азаматтар мен мүгедектерді әлеуметтік қорғау жөніндегі шаралардың басымдығы;
— әлеуметтік қызметтерді алуда және олардың қол жетімділігінде тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету;
— әлеуметтік қызмет көрсету саласында азаматтық кепілдіктерді ұсыну.
Әлеуметтік-медициналық қызметтерді алу кезінде егде жастағы азаматтар мен мүгедектердің:
— өз құқықтары, міндеттері, әлеуметтік-медициналық қызмет көрсетудің түрлері мен нысандары туралы, әлеуметтік қызмет алуға арналған көрсетулер, үйде әлеуметтік қызмет көрсету шарттары туралы ақпаратқа;
— әлеуметтік қызметтер көрсету кезінде әлеуметтік-медициналық қызмет көрсету мекемесінің қызметкерлеріне белгілі болған жеке сипаттағы ақпараттың құпиялылығына;
— әлеуметтік қызмет көрсету мекемелері қызметкерлерінің тарапынан құрметпен және ізгілікті қарауға;
— әлеуметтік-медициналық қызмет көрсету келісіміне;
— әлеуметтік-медициналық қызмет көрсетуден бас тартуға құқығы бар.
Қоса кететін, медициналық көмектің екі түрі бар – шұғыл және жоспарланған. Шұғыл медициналық көмек кезінде ешқандай да кезек болмайды, себебі ондай жағдайларда әрбір сағат, тіпті әр минут маңызды. Сондықтан да шұғыл медициналық көмек қажет болған кезде шұғыл медициналық көмек алу үшін медицина ұйымына жүгіну керек немесе 103 нөміріне хабарласу қажет. Жоспарлы медициналық көмекке келер болсақ, ол «Емдеуге жатқызу бюросы» порталы арқылы реттеледі. Көрсеткіштер болған жағдайда дәрігер ауруханаға жатқызу үшін жолдама береді жəне емделушінің аты-жөні мен диагнозын ақпараттық жүйеге — «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына енгізеді. Науқастың ауруының түріне сәйкес медициналық қызмет көрсетілетін медициналық ұйым анықталады. Одан кейін, төсек орнының босауына, оның өткізу мүмкіндігіне қарай ауруханаға жатқызу күні белгіленеді. Ауруханаға жатқызу күні порталда көрсетілген күнмен сәйкес келмейтіні түсінікті, ауруханаға жатқызу кейінге шегерілуі мүмкін. Сондықтан да ол жоспарлы деп аталады. Алайда медициналық көмекті күту барысында науқасты ауруханаға жатқызуға кідіртуге болмайтын жағдай туындаса, ол шұғыл көмек көрсету санатына жатқызылады да, бірден ауруханаға жатқызылады. Стационарлық емделуге жекелеген кезек туралы айтар болса, мұнда да медициналық көрсеткіштерді басшылыққа алу қажет: щұғыл немесе жоспарлы. Жекелеген кезек жоқ. Дегенмен, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінде халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына арналған әлеуметтік көмек түсінігі бар. Бұл қымбат тұратын медициналық қызметтерге қатысты: халықтың осы санаттарына басымдық берілген. Оларға — балалар, жүкті әйелдер, «Алтын алқамен», «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналар, 1, 2, 3 топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар, жасы бойынша зейнеттегі адамдар, ҰОС мүгедектері мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар кіреді. Сондықтан кез-келген медициналық ұйымда қымбат тұратын медициналық қызметке жолдама бірінші кезекте осы санаттардағы науқастарға беріледі. Мәселен, компьютерлік, магниттік-резонанстық, позитрондық-эмиссиялық томография және т.б.
Қабылдауға жазылған қала тұрғындарының өтініштерін мұқият тыңдалып, заң аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Тиісті бөлімдер мен мекемелер арқылы шешу жолдары қарастырылды. Өтініш иелерінің мәселесінің оң шешілуіне ықпал жасалды.