Бүгін Түркістан қаласының әкімі кезекті көшпелі кездесулер аясында Әзімбек Пазылбекұлы Сауран секторының тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында қала басшысы 2024 жылы тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің орындалу барысы және сектор аумағында атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады. Сонымен қатар, алдағы кезеңге жоспарланған жобалармен таныстырып, тұрғындармен ашық диалог орнатты.
Жиын барысында жергілікті тұрғындар жол сапасы мен қауіпсіздігі, тұрғын үй аулаларының тазалығы, ойын алаңшалары мен қоғамдық көлік қатынасы, инфрақұрылым сапасы сынды мәселелерді көтерді. Әзімбек Пазылбекұлы тұрғындардың барлық сұрақтарына жауап беріп, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Сауран секторында инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда А.Жангелдин көшесінде жаңа ойын алаңшасын салу, Б.Майлин көшесіндегі айналма жолда МАФ орнату, сондай-ақ №1,2 мөлтек аудандарда аулалық аумақтарды абаттандыру, ойын алаңшаларын ағымдағы жөндеу және жарық шамдарын ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, О.Жарылқапов көшесінде жол белгілерін орнату, Әл-Фараби көшесінде жол жөндеу жұмыстары толығымен аяқталса, Энергетиктер көшесінде аулаішілік абаттандыру жұмыстары бастау алды.
Сонымен қатар, сектордағы жаңадан қоныстанған тұрғын үйлерге су жүйелерін тарту және қайта құру бойынша 2-кезек жобасы әзірлену үстінде. Аталған нысанның құрылыс жұмыстарын 2026 жылы бастау жоспарланып отыр.
Кездесу соңында қала әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, арыз-шағымын тыңдады.
Айта кетейік, Әзімбек Пазылбекұлының халықпен кездесуі бүгін, 28 мамыр күні 15:00де — Сандыбаев көшесіндегі №18 мектепте, ертең, 29 мамыр күні сағат 10:00де- Мәдени рухани орталықта орналасқан «Ұлы-дала орталығы» кешенінде, 15:00де- ӘІО-ғы 9-шы көше бойында орналасқан №33 мектепте жалғасады.
Қоса кететін, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» — бұл Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін реформалау мақсатында енгізілген маңызды бастама. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы ұстанымы мемлекеттік органдардың халықпен тығыз байланыс орнатып, халықтың пікірін ескере отырып жұмыс істейтін мемлекет құруға бағытталған.
Тұжырымдаманың басты мақсаты — мемлекеттік органдар мен халық арасындағы сенімді арттыру, қоғамның қажеттіліктеріне дер кезінде жауап беру және әкімшілік жүйенің ашықтығын қамтамасыз ету. Бұл бастама арқылы мемлекет халықтың әрбір ұсынысын, өтінішін, шағымын тыңдап, соған сай шешімдер қабылдауды көздейді.
Негізгі принциптері мен бағыттары:
— Ашықтық және есептілік: Мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің өз жұмысын ашық жүргізуі, шешімдер қабылдау процесінің айқын болуы.
Халықтың пікірін ескеру: Мемлекет халықтың тілегін тыңдайды, олармен тұрақты байланыс орнатып, өзекті мәселелерді шешу үшін нақты қадамдар жасайды.
— Әлеуметтік әділеттілік: Мемлекет әрбір азаматтың құқығын қорғап, әлеуметтік әділеттілік орнатуды мақсат етеді. Бұл қоғамның әрбір мүшесінің, әсіресе әлеуметтік жағынан әлсіз топтардың жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар қабылдауды қамтиды.
— Жаңа технологиялар мен цифрландыру: Мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыру үшін жаңа технологиялар мен цифрлық платформаларды пайдалану, халықпен байланысты жеңілдету.
— Жедел кері байланыс: Қоғаммен үнемі кері байланыс орнатып, азаматтардың мәселелеріне жедел жауап беру. Бұл үшін әртүрлі онлайн платформалар мен әлеуметтік желілер қолданылуда.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» Түркістан облысында:
Түркістан облысында да бұл бастама жүзеге асырылып, азаматтардың өтініштері мен пікірлерін тыңдау жүйесі дамып келеді. Облыстың әрбір тұрғыны өз проблемаларын айта алатын және оларды шешуге ықпал ететін алаңдарға ие. Облыс әкімдігі түрлі қоғамдық тыңдаулар өткізіп, халықтың пікірін ескеретін шешімдер қабылдауды ұстанады. Түркістан облысының әкімдіктері мен мемлекеттік органдары халықпен байланыс орнату үшін заманауи цифрлық платформаларды пайдаланады, осы арқылы әр азаматтың дауысы естіледі.
Қазіргі уақытта Түркістан облысында халықтың мұқтаждығына назар аударып, олардың өтініштерін шешу үшін әкімдіктерде «Азаматтарға арналған қабылдау бөлмелері», «Халыққа қызмет көрсету орталықтары» және түрлі қоғамдық қабылдаулар жиі өткізіледі. Бұл шаралар халықтың мемлекеттік қызметтерге деген сенімін арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуда.
