Түркістан облысында озық технологияны пайдалана отырып, білім сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Ел Президентінің тапсырмасы аясында өңірлерде «Келешек мектептері» ұлттық жобасымен заманауи білім ошақтары салынып жатыр. Түркістан облысында жалпы саны 29 білім ошағын ашу жоспарланған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданы, «Телемұнара» ықшам ауданында «Келешек мектептері» жобасы аясында салынып жатқан 900 орындық білім ұясына барып, құрылыс жұмыстарын бақылады.
Заманауи үлгідені нысанның жобалық-сметалық құны 5,1 млрд. теңгені құрайды. Мектеп 4 гектар аумақта орналасқан. Білім ошағы биыл ел игілігіне пайдалануға берілмек. Мұнда 50 жаңа жұмыс орны құрылады. Бүгінде инженерлік инфрақұрылым жұмыстары толық аяқталған. Құрылыс жұмыстары 80 пайызға орындалған. Нысанның ішкі әрлеу, баспалдақтарына кафель төсеу жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ айналма жол, лоток орнату және сыртқы абаттандыру шаралары жүргізіліп жатыр.
Облыс әкімі нысанды толық аралап, жауапты басшылар мен мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын уақтылы орындауды тапсырды. Кейбір мәселелер бойынша сын-ескертпе айтып, жұмысты сапалы атқару керектігін жеткізді. Кемшіліктерді шұғыл ретке келтіруді міндеттеді.
«Келешек мектептері» жобасы аясында Сарыағаш ауданында 4 мектеп салу көзделіп, екеуі тапсырылған. Биыл тағы екеуі ел игілігіне берілді.