Бүгін Түркістан облысы полиция департаментінің Жедел басқару орталығында өңірдің дамуына өз үлестерін қосып жүрген бірқатар мекеме басшыларына Ішкі істер органдарындағы цифрландыру бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстыру мақсатында жиын өтті. Іс-шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлфұхар Жолдасов, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастығы Мұрат Төлеубаев, Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Асқар Төлешев, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастығы Ерболат Балғабаев, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Қанат Қайыпбек, ҚР ҰҚК облыстық департаментінің басшысы Болат Қалмұрзаев қатысты.
Облыстың бас полицейі М.Қабденов делегацияға Жедел басқару орталығын, онда атқарылатын қызметтерді көрсетті. Сондай-ақ полиция департаментіндегі тергеу саласының, криминалистердің, кадр, ақпараттандыру және байланыс басқармасы, әкімшілік полиция басқармасы мен басқа да құрылымдардың цифрландыру бойынша жасап жатқан жұмыстары ұсынылып, басшы құрам баяндамаларын жасады.
Өз кезегінде қонақтар полиция департаментінің цифрландыру аясында енгізіліп жатқан нәтижелі жұмыстарына оң бағасын беріп, алдағы уақытта тәжірибе алмасып, бірлесе отырып жұмыс жасауға уағдаласты.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі