Татарстанның Қазан қаласында БРИКС+ елдері қалаларының халықаралық форумы өтті. Оған Үкімет делегациясы құрамында арнайы барған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Татарстан Республикасының Раисы Рустам Миннихановпен кездесті.
Облыс әкімі Түркістанның Түркі әлемінде өзіндік орны бар рухани орталық екенін айтып, аймақтың индустриалды әлеуеті мен инвесторларға жасалатын жеңілдіктер жөнінде баяндап берді. Қазақстан мен Татарстанның бауырлас елдер екеніне тоқталған Дархан Сатыбалды сауда-экономикалық байланысты нығайту, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы мен ІТ саласында тәжірибе алмасу және өзге де мәселелерді талқылады. Өзара әріптестікті нығайту жөнінде келісімге қол жеткізілді.
Татарстан басшысы екі елдің рухани байланысы тереңде екеніне тоқталып, сауда мен экономикалық байланыстарды тереңдете түсуге мүдделі екенін жеткізді. Қазақстандық делегацияға құрмет көрсетіп, меймандостық танытты. Осы келіссөз аясында елімізден барған делегация Татарстанның өндіріс орындарын аралайды. Инвесторлармен нақты келісімдер жасайды деп күтілуде. Әсіресе, ІТ саласы мен ауыл шаруашылығындағы озық технологиялар мен жобаларға басымдық беріледі.
Татарстанға сапары барысында Дархан Сатыбалды Қазандағы әйгілі «Кул Шариф» мешітінде болды. Одан кейін «Ак Барс» спорт кешенінде балуандар бәсекесін тамашалады.
Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысы – еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі және үлкен инвестициялық әлеуетке ие.
Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Қазіргі уақытта облыста қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Бизнесті ынталандыру мен дамытуға жағдай жасалған. 10 индустриалды аймақ және «Turan» арнайы экономикалық аймағы бар. Аталған алаңдар инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелерін, сондай-ақ түрлі салықтық жеңілдіктерді ұсынады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі