Түркістан облысында орман және дала өрттерімен күрес және олардың алдын алу барысы қатаң бақылауда. Бүгін аталған мәселе Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланып, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берілді.
– Өрт пен су тасқынына қарсы күрес облысымыз үшін өте өзекті. Сондықтан аудан, қала әкімдері мен тиісті басқармаларға қауіпсіздік шараларын жауапкершілікпен атқаруды тапсырамын. Жолдың жиектерін жыртып, өртке қарсы минералды жолақтар салу жұмысын шұғыл аяқтаңыздар. Екіншіден, өрт қауіпсіздігіне қажетті техника алу, бекеттер салуға қатысты ұсыныстарыңызды беріңіздер. Зерделеп, маңызына қарай қаржы бөлуге тырысамыз, – деді Дархан Сатыбалды.
Аппараттың апталық мәжілісінде Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Бекболат Төреқұловтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, биыл өңірде орташа ауа температурасы 40 градусты құрап, өте ыстық болмақ. Сондықтан өрт қаупі өте жоғары. Дайын болу керек.
Түркістан облысы аумағында өрт қауіпті кезең басталғалы 478 гектарды құрайтын 1 орман өрті, 187 гектарды құрайтын 64 дала алқаптарының жану жағдайлары тіркелген. Алдын алу жұмыстарының іс-шаралар жоспары бекітіліп, биылғы 10 сәуірде комиссия отырысымен тиісті мекемелер мен ұйымдарға тапсырмалар берілді. Жоспардың орындалу барысы ойдағыдай. Дегенмен бірқатар мекемелер мен ұйымдардың орындау көрсеткіштері ақсап тұрғаны байқалуда. Мәселен, Кентау қаласы мен Бәйдібек, Ордабасы, Сайрам, Созақ, Төлеби, Келес, Отырар аудандарының әкімдіктері тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат департаментке түспеген…