• Пн. Ноя 25th, 2024
Популярные метки

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА «САЛАМАТТЫ ҚАЗАҚСТАН» МЕДИЦИНАЛЫҚ ПОЙЫЗЫ КЕЛЕДІ

Автор:admin

Ноя 4, 2023
Spread the love

Ұлт мықты болу үшін адамдардың дені сау болуы керек. Дені сау ұлттың болашағы зор болмақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның байлығы ең алдымен адамдар екенін атап өтті. Мемлекеттің басым міндеттерінің бірі – өмір сүру сапасын жақсарту және ұзақ өмір сүруге жағдай жасау. Бұл білікті медициналық қызметтерге қол жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Осы орайда, биыл күзде Түркістан облысына қарасты 8 ауылға «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы келмек. Медициналық пойыз бүгін «Алматы-2» теміржол вокзалынан салтанатты түрде жолға шығып, осы жылдың 6 желтоқсанына дейін бүкіл Қазақстан бойынша 120-дан астам станцияны қамтымақ. Ал оңтүстік өңіріне биыл қараша айының 5-19 күндері аралығында қызмет көрсетеді.

Өңірдегі емдеу шаралары жоспарға сәйкес, Күншағыр, Ақшоқат, Қарақоңыр, Шағыр, Бадам, Игілік, Қызылсай, Ынтымақ елдімекендерінде орналасқан станцияларға тоқтайды. Сонымен қатар, медициналық пойыз станцияларда 1-2 күн аялдайды. Дәрігерлер тұрғындарды жұмыс уақытында қабылдайды.

Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен және ақпараттық серіктес – Jibek Joly телеарнасымен бірге жүзеге асырады.

Маңызы зор ауқымды әлеуметтік жобаның негізгі ақпараттық серіктесі. ҚР Президентінің Телерадиокешені.

«ҚР Президентінің ТРК бас ақпараттық серіктес ретінде өзінің барлық медиаресурстарын іске қосатын болады. Ең алдымен, Jibek Joly телеарнасы мен «ҚазАқпарат» ХАА мүмкіндіктерін атап өткен жөн. Біздің пиар-тобымыз медицина пойызының қызметі туралы ақпаратпен халықты егжей-тегжейлі хабардар етеді. Біз Қазақстан тұрғындарының осы әлеуметтік жоба туралы, оның қоғам мен мемлекет үшін маңыздылығы туралы мүмкіндігінше көбірек ақпарат беруге тырысамыз»,- деп атап өтті «ҚР Президентінің ТРК» креативті директоры Әсел Тұрсынғазина.

Әсел Тұрсынғазинаның сөзінше, ҚР Президентінің ТРК-де жоба сәтті аяқталғанға дейін медицина поезының жұмысын ауқымды ақпараттық қолдауды қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті ресурс бар.

«Бүгін медициналық көмекке зәру көптеген адамдар үшін өте маңызды күн. Көбінесе шалғай ауылдарда ауруханалар болмайды және тұрғындардың барлығы әр уақытта аудан орталығына бара алмайды. Ал медициналық пойыз жағдайында балаларды қаратып, ересектердің өздерінің де барлық маманнан бірден кеңес алудың жақсы мүмкіндігі туындайды. Пойызға ең заманауи медициналық жабдықтар қойылды», – деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева.

Айтуынша, медициналық бригадалар диагностикалық процедуралар ғана емес, сондай-ақ шағын амбулаториялық операциялар жасайды.

«Биыл 75 мыңға жуық ауыл тұрғынына 35 медицина маманы қызмет көрсетеді. Оның ішінде терапевт, хирург, жалпы тәжірибе дәрігері, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика дәрігері, акушер, зертханашы, мейірбике, рентгенолог, сәулелік диагностика дәрігері, тіс дәрігері, отоларинголог, психолог, окулист, гинеколог және уролог бар. Медпойыз қозғалысының кестесі шалғай станцияларда медициналық пункттердің жоқтығын ескере отырып және азаматтар мен мемлекеттік органдардың өтініші негізінде әзірленді»,- дейді Альфия Адиева.«Саламатты Қазақстан» пойызы, осы жылдың 6 желтоқсанына дейін бүкіл Қазақстан бойынша 120-дан астам станцияны қамтымақ.«Халықты қабылдау бүгінен басталады. Алғашқы тоқтайтын станциямыз «Қопа». Соңғы бекетке жоспар бойынша 6 желтоқсан күні барамыз. Бізде медициналық көмек көрсетуге барлық жағдай жасалған. Дәрігерлер адамдарды емдеуге, кеңес беруге толық дайын. Медициналық пойыз станцияларда 1-2 күн аялдайды. Дәрігерлер тұрғындарды жұмыс уақытында қабылдайды»,- деді дәрігер Дана Нұржанқызы.Биыл «Саламатты Қазақстан» пойызында заңгерлер кеңес береді.

«Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен алғаш рет, «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының жұмысына, азаматтарға тиімді психологиялық, құқықтық әрі медиативтік (татуластыру) көмек көрсететін кәсіби және тәжірибелі медиаторлар мен заңгерлер тартылды. Бұдан басқа, азаматтардың мемлекеттік әлеуметтік қолдау алу құқығын қорғау, зейнетақы-жәрдемақы, әлеуметтік төлем және атаулы әлеуметтік көмек алу мәселелері бойынша тегін кеңес беріледі»,- деді «Самұрық-Қазына» АҚ компания өкілі.

«Самұрық-Қазына» АҚ қолдауының арқасында денсаулық пойыздарының шалғай станциялардың тұрғындарына жоғары білікті медициналық көмек көрсетуі игі дәстүрге айналды. Тек 2022 жылдың қорытындысы бойынша 150-ге жуық станцияның 80 649 тұрғыны емдік-кеңес беру қызметін алды. Оның 21 867-сі бала. Бұл ретте 5 097 адамға шағын ота жасалды.

«Қызметіміздің басты мақсаты – «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы кәсіпорындары бар өңірлерге ерекше назар аудара отырып, халықтың әлеуметтік-экономикалық өмірін жақсарту. Осы жылы 7 жобаның ішінде денсаулық сақтау бағытында 590 миллион теңге бюджетпен «Медициналық пойыз» жобасына басымдық беріледі, – деп жеткізді Альфия Адиева.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика