Дүниежүзілік денсаулық күні жыл сайын бүкіл әлемде аталып өтеді. Осы күнге орай, Түркістан облыстық денсаулық басқармасына қарасты барлық емханаларда ашық есік күні өткізілді, деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасаған r-factor.kz ақпараттық агенттігі.
Мақсаты – халық денсаулығын жақсарту, аудан халқына жоғары сапалы медициналық қызмет көрсету.
Ашық есік күнінде терапевт, кардиолог, нарколог, онколог, педиатр, маммолог, гинеколог дәрігерлері тұрғындарды қабылдады. Халыққа салауатты өмір салтын қалыптастыру шараларын түсіндіріп, медициналық көмек көрсетіп, өз кеңестерін берді.
Ашық есік күніне келген тұрғындар дәрігерлерге өз ризашылықтарын білдірді.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тұрғындармен кездесуінде көтерілген мәселелер мен өтініштерге сәйкес және облысты дамыту жоспарына байланысты өңірде медицина саласына қолдау күшейтіліп келеді. Құрылыс, инфрақұрылымды дамыту бойынша 2020-2021 жылдары 15 денсаулық сақтау нысаны салынса, 2022 жылы 31 денсаулық нысанының құрылысы жүргізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.