Есірткі заттарын әуелі қызығушылық үшін қолданатындар көп. Бұған ғаламтордағы ақпараттың ашықтығы, топтық психология, еліктеушіліктің ықпалы орасан зор. Білместікпен, әрі «дәмін көрейін» деген әуестікпен жаңа дүниені тұтынғандардың тәуелділікке бірте-бірте таңылуы оп-оңай. Алайда, олар бұл қызығушылықтың салдарын ойлай бермейді. Шындығында есірткіні үнемі, тұрақты түрде қолдану көп қаржыны қажет етеді. Қолында қаражаты жоқтардың алдымен өз отбасындағы жарамды, құнды заттарды саудалап, кейіннен қылмысқа баруы жиі кездеседі. Яғни, бір қылмыс екінші қылмысты тудырады.
Қылмыстық кодексте есірткі заттарын қолданып, сатып, тасымалдаушыларға жаза ауыр. Бірақ солай екен деп есірткіден бас тартып жатқандар көп дей алмаймыз. Есірткі заттарын тасымалдап, жеткізіп берген жастар «ешкімге зиянымыз жоқ, нашақорлар бәрібір өзіне керегін тауып алады, ендеше неге жазалануымыз керек» деп қате ойлайды. Жалпы, заңды білмеу жазадан құтқармайды.
Салауатты өмір салтын насихаттайтын адамдар, көбінесе спортшылар, жас ұрпақты спортпен және салауатты өмір салтымен таныстыруға тырысады. Сонымен қатар, олар есірткіге қарсы қорларға көп қаражат бөледі.
Жиын соңында «Нашақорлыққа жол жоқ, біз өмірді таңдаймыз!» ұранымен тиісті құрылымдар алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты. Алдын алу үшін ұсыныстар білдіріліп, нақты тапсырмалар жүктелді.