Түркістан қаласында бүгінде үш «Белсенді ұзақ өмір» орталығы қызмет көрсетіп келеді. Үш жыл бұрын облыс орталығында алғашқы нысаны пайдалануға берілген болатын.
Бүгінде ҚР Мәдениет қайраткері, Түркістан қалалық Әйелдер алқысының төрайымы Ұлжан Мұстафаева орталыққа келуші әжелерге би үйретіп жүр. Сонымен қатар бос уақыттарында қолөнермен айналысуды да құптайды. Қазақстанның халық әртісі, әлемдік жұлдыз Димаш Құдайбергеннің «Тау ішінде» әніне қолдау көрсетіп, би биледі.
Өткен жылы орталықтың қызметіне зейнеткерлердің арасында сұраныс жоғары болуына байланысты «Бекзат» тұрғын алқабынан №1 филиалы және «Отырар» тұрғын алқабынан №2 филиалы ашылып, қызмет көрсетіп келеді.
Орталықтың негізгі мақсаты – ардагерлер мен зейнеткерлерге қамқорлық жасау, қарт адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту, оның ішінде жүйелі бос уақытты ұйымдастыру, оларды қоғамның белсенді өміріне тарту, зейнет жасындағы адамдардың салауатты өмір сүруі мен денсаулығына оң жағдай жасау.
Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 16 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Орталыққа баратын қарияларға әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-ағартушылық және өзге де көмектер көрсетіледі. Олардың алаңсыз тынығып, салауатты өмір салтымен шұғылдануына барлық жағдай жасалған.