Ел экономикасының қозғаушы күштерінің бірі саналатын бизнес саласы жыл өткен сайын өркен жайып келеді. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан түрлі жеңілдіктер мен бағыт-бағдарлар бүгінде өз жемісін бере бастағандай. Қай кезде де көш басынан көрініп жүрген Түркістан облысы шағын және орта бизнесті өркендету көрсеткіші бойынша да озық шығып, еліміздегі үздік үштіктің қатарынан көрінді.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңір кәсіпкерлерімен болған кездесуде бұл саладағы жетістіктерді айтып қана қоймай, алдағы уақытта атқарылатын ауқымды міндеттерге де тоқталды.
– Түркістан облысында халық саны күннен күнге көбейіп келеді. Ол – қуанышты жағдай. Енді сол елге қажетті жұмыс орындарын, өндіріс орындарын көбейтуіміз керек. Түркістан өңірінің тұрғындары қашан да кәсіпкерлікке бейім болған. Кәсіпкерлік субъектілері саны жөнінен облысымыз Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан кейінгі үшінші орында тұр. Кәсіпкерлер саны биылғы жылдың өзінде он мыңға өсіп, 155 мыңға жетті. Сондықтан біз кәсіпкерлікке үлкен маңыз беріп, «Қарапайым заттар экономикасы» мен «Бизнестің жол картасы–2025» бағдарламалары арқылы қолдау көрсетіп отырмыз. Түркістандағы құрылыстарды де жергілікті кәсіпкерлер атқарып жатыр, – деген Өмірзақ Естайұлы өңірде «Кәсіпкерлік қырандары» атты жобаны іске қосқанын, онда кәнігі кәсіпкерлер ізденіс үстінде жүрген жастарға өз білгендерін үйретіп жатқанын тілге тиек етті.
Кездесу барысында бизнес өкілдерінің ұсыныстары мен пікірлері, өтініштері мен тың идеялары да назардан тыс қалмады. Жиынға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайнар Абасов және өңірлік кеңес мүшелері, жеке кәсіпкерлер, облыстық мәслихаты депутаттары мен қаржы институттарының басшылары қатысты. Өз кезегінде облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбеков атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады.
– Түркістан облысында кәсіпкерлерді қолдау мақсатында қолға алынып жатқан жұмыстар көп. Мәселен, бұрын бұл қалада екінші деңгейлі банктердің толыққанды филиалдары жоқ еді. Бұл мәселе Ұлттық банк тарапынан қолдау тауып, «Халықбанк», «Фортебанк», «Жусанбанк», «БанкЦентрКредит», «Сбербанк» филиалдары ашылды. «Кең дала» бағдарламасы аясында көктемгі дала жұмыстарына бөлінетін қаражат мәселесі осылайша оңай шешілді. Сондай-ақ, жылыжайларда тұқымдар мен тыңайтқыштарды субсидиялауға қолдау көрсетіліп келеді. Статистикаға жүгінетін болсақ, облысымызда қазіргі таңда 160 мыңға жуық кәсіпкердің 52 пайызы ауыл шаруашылығы саласында қызмет етіп жүр. Биылдың өзінде біздің палата кәсіпкерлерге тоғыз мыңнан астам ақпараттық қамтамасыз ету қызметін және бір мыңнан астам сервистік қолдау қызметтерін көрсеткен екен. «Атамекен–Түркістан» МҚҰ қазіргі таңда 226 жобаны 1,8 миллиард теңгеге қаржыландырды, – деді ол.
Кездесудің күн тәртібінде колледждерді сенімгерлік басқаруға беру, Түркістан индустриялық аймағында орналасқан кәсіпорындардың проблемалық мәселелері, Түркістан қаласында қолөнершілер орталығын ашу және өзге де мәселелер талқыланды. Жеңілдетілген несие, субсидия түйткілдері де сөз болды. Еркін форматта өткен кездесуде кәсіпкерлер көптен бері көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды.
Сол күні облыс орталығында «Кәсіпкерлік қырандары» жобасының ІІІ кезеңі өтіп, онда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бұл жобаның кәсіпкерге берері көп екенін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бұл жобаның бір ерекшелігі – ірі бизнес өкілдері қаржысы жоқ, бірақ идеясы бар жас кәсіпкерлерге жол көрсетіп, қолдау білдіреді. Аталған жұмыс бойынша бүгінде 44 миллион теңгеге 16 жоба мақұлданып, бизнес бастаған жас кәсіпкерлер өз өнімдерін шығарып жатыр.
Иә, әрекеті бар адамдарды кәсіпкерлікке тартып, олардың бизнес идеяларын қолдау үшін мемлекет тарапынан да көптеген мүмкіндіктер қарастырылған.
Айталық, «Қарапайым заттар экономикасы» арқылы кәсіпкерлер 47 миллиард теңгеге жеңілдетілген 6 пайызбен несие алған болса, «Бизнестің жол картасы – 2025» арқылы жыл соңына дейін 40 миллиард теңге беру жоспарланған.
Ал, «Кәсіпкерлік Қырандары» жобасы бірінші кезекте стартап жобалар үшін қажетті қаржылай қолдау болса, екенші кезекте қаржы салымын жасаған менторлар үшін де инвестиция көзі деп айтуға болады. Яғни, екі тарапқа да тиімді.
Жобаның осы кезеңіне «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайнар Абасовтың қатысқанын да айта кетейік. Тағы бір айта кететін мәселе, өңірдегі бизнес саласын одан әрі өркендетіп, жас кәсіпкерлерге жол көрсетуді мақсат еткен жобаны облыстық кәсіпкерлер палатасы мен облыс әкімдігі жүзеге асырып отыр.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Кәсіпкерлік Қырандары» жобасының үшінші кезеңінде жеті жоба ұсынылған екен. Атап айтсақ, медициналық қалдықтарды жоятын цех, жарқыраған тротуарлық жол плиталарын шығаратын цех, «Тармақтар» кітабы, қолдан ұрықтандыру және ветеринарлық станция, ғарыштық байланыс және спутниктік робототехника кешені, «Eco-Protect» дөңгелектерді қайта өңдеу жобасы және мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті әмбебап монша салу бастамасы ұсынылды. Шағын, оның ішінде микробизнес Түркістан облысының ғана емес, бүкіл елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша нақты міндеттер мен мақсаттарды ҚР Президенті Қ. Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында қойды. Түркістан облысының әкімдігінде атап өткендей, қазіргі кезде өңірде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, әкімшілік кедергілерді жою, бизнес жүргізу рәсімдерін жеңілдету үшін қажетті жағдайлар жасау бойынша жұмыстар атқарылуда. Қабылданған шаралардың нәтижесінде, облыс ШОБ субъектілерінің саны жағынан көшбасшылар қатарына енді — облыста 141,9 мың кәсіпкер жұмыс істейді (2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша). Бір жыл ішінде олардың саны 8,5%-ға артқан.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 2019 жылы қаңтар-қыркүйек айларында 449,3 млрд теңгеге немесе 2018 жылдың тиісті кезеңіне 132,8%-ға өнімдер (тауарлар мен қызметтер) өндірген.
Кәсіпкерлікті дамыту аса маңызды әлеуметтік мәселені шешкенін айта кеткен жөн — өңірде жаңа жұмыс орындары ашылды. Шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны 2019 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 214,8 мың адамды құрады, бұл 2018 жылғы тиісті кезеңнің деңгейінен 7,2%-ға артық.
Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамыту үшін «Бизнестің жол картасы-2020», «Еңбек», АӨК дамыту, жас мамандарды қолдаудың «Жас кәсіпкер» мемлекеттік бағдарламалары және «Кәсіпкер Ана» көпбалалы отбасыларды жеңілдікпен қаржыландыру бағдарламасы іске асырылуда. Сонымен қатар 2019 жылы «Қарапайым заттар экономикасы» жаңа жеңілдікті несиелендіру бағдарламасы іске қосылды. Шағын кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік және өңірлік қорлары құрылған. Дегенмен, Қазақстанда шағын кәсіпкерлік қызметін қолдау бойынша қызмет ету саласы біркелкі дамып жатқан жоқ. Әлемдік тәжірибе көрсететіндей, оның табысты дамуы мемлекеттік қолдауға, осы қызметтерді қажет ететін кәсіпкерлерге, жеке кәсіпкерлікті дамытуды көздеген тұлғалар тең дәрежеде тәуелді. «Шағын кәсіпкерлік» туралы ҚР Заңына сәйкес, жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау – жеке кәсіпкерлікті ынталандыру, Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік бастаманы жүзеге асыру үшін құқықтық, әлеуметтік және экономикалық жағдайлар жасау бойынша мемлекеттік шаралар кешені, ал жеке кәсіпкерлік инфрақұрылымы – шағын кәсіпкерлік қызмет етудің және дамуының жалпы жағдайларын қамтамасыз ететін ұйымдар кешені [2]. Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың негізгі бағыттары: а) шағын кәсіпкерлікті реттеу жөніндегі заңдарды жетілдіру; ә) жеке кәсіпкерлікті құру мен дамыту орталықтарын, кәсіпкерлік инкубаторлар, технологиялық парктер, индустриалдық аймақтар және шағын кәсіпкерлік инфрақұрылымының басқа да объектілерін құру; б) бюджеттік қаражаттар есебінен шағын кәсіпкерлік субъектілерін оқу-әдістемелік, ғылыми-әдістемелік және ақпараттық қамтамасыз ету. в) шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мемлекеттік органдар қарамағында шағын кәсіпкерлікті дамыту бойынша мәселелерді зерттеу және шағын ұсыныстарды әзірлеу бойынша ғылыми-зерттеу институттарын құру жолдармен жүргізілетінін анықтайды; г) шағын кәсіпкерлікті қолдаудың және дамытудың қаржылық институттарын құру; ғ) кәсіпкерлік-инкубатор және индустриялық аймақтардың қызметін ұйымдастыру; д) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жер учаскелерін, құрылыстарды сату [3]. Бүгінгі күнде шағын кәсіпкерлікті қолдау саласында түрлі институттар бар. Қазақстанда шағын кәсіпкерлікті қолдау механизмдері шағын кәсіпкерлікті қолдаудың сараланып дамыған инфрақұрылымы арқылы жүргізіледі. Шағын кәсіпкерлік субъектілерін тұрақтануын және Отандық тауар өндірушіні қорғау үшін, импорттық тауарларға эмбарго жарияланып жатыр. Елге тамақ өнімдерінен бастап, машиналар мен механизмдерге дейін барлық тауарларды әкелген кезде америкалық кәсіпкерлерді қорғау үшін осындай шаралар қолданылды. Өз кезінде осындай саясат отандық кәсіпкерлерді сыртқы бәсекеден қорғауға, айналымдарын өсіріп алып, соңынан шетелдік фирмалармен бәсекеге түсуге мүмкіндік берді. Салықтық тарифтерді төмендету. Егер салықтар деңгейі теңгерімдік табыстан артық болса (45-50 %), бюджетке түсім көлемінің өсуі әуелі тоқтап, кейіннен төмендей бастайтыны белгілі: кәсіпкерлер салық төлеуді доғарады, бұл салықтық базаның қысқаруына әкеледі. Бұл эффект «Лаффер қисығы» деп аталады және ТМД елдерінде де, біздің елде де байқалады. Банктік жүйедегі өзгерістер. Кәсіпкерлікті дамытудағы қиын мәселелердің бірі фирмаларды қаржылық қамтамасыз ету. Бастапқы кезеңде, кәсіпкерлердің қолында қаражат жоқ кезінде банктік несиелер қаржыландырудың жалғыз шешімі болып табылады. Пайыздық мөлшерлемелерді төмендету, несиелендіру мерзімін ұзарту кәсіпкерлік белсенділік танытудың маңызды факторы болып табылады. Шетелдік инвестицияларды тарту – қаржыландырудың екінші көзі, нақты инвестициялар түрінде ғана емес, технология, «ноу-хау» түрінде көмек алуға мүмкіндік береді. Кәсіпорын, корпорация құру, акция шығару тәртіптемесін жеңілдету. Шектеулі жауапкершілік механизмін енгізу кәсіпкерлік қызметті белсендіреді. Кәсіпорынды тіркеу тәртіптемесін жеңілдету, анықтамалар, талаптар санын қысқарту уақытты үнемдеп қана қоймай, кәсіпкерлердің кәсіпкерлік құру процесіне қол жетімділігін қамтамасыз етеді. Мемлекеттік бағдарламаларда шағын кәсіпкерлікті қолдаудың – негізгі және қамтамасыз ететін екі түрі бөліп көрсетіледі. Негізгі бағдарламалардың мақсаты – кәсіпкерлік қызметті жоспарлау, ұйымдастыру, бақылау. Қамтамасыз етуші бағдарламалар шағын кәсіпорындарға сәйкес кәсіпкерлік инфрақұрылымын құруға, ресурстардың қажетті түрлерімен (материалдық, еңбек, қаржылық, ақпараттық) қамтамасыз етуге қызмет етеді. Қазіргі уақытта Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін ғана қамтып қоймай, басқару аппараты қызметінің тиімділігі мен нәтижелілігін арттыруды көздейтін әкімшілік реформа жүргізілуде, ол мемлекетке тән емес функциялар мен активтерді бәсекелестік ортаға тапсыру жолымен кәсіпкерлік қызметтің әкімшілік тосқауылдарына кедергі болу мақсатын жүзеге асырады. Осы тұжырымдамалық ережелер «Қазақстан-2030» стратегиясында, кейіннен әкімшілік тосқауылдарға жалпы, сонымен қатар нақты бағдар беретін, сондай-ақ оларды жеңудің мүмкін болар жолдарын айқындаған Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы жолдауларында көрініс тапты. Сонымен, қазіргі жағдайда кәсіпкерлік қызметке әкімшілік жүктемені төмендетуді мемлекет үш бағытта жүзеге асырады: бірінші бағыт жеке кәсіпкерлік субъектісін (заңды тұлға құрмай, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға немесе заңды тұлға, тәртіп бойынша ЖШС, ШҚ және т.б.) – тіркеу, лицензиялау, аккредитациялау. Екіншісі – кәсіпорынның өнім нарығына қол жетімділікті ұйымдастыруға байланысты (сай келуін дәлелдеу, сертификаттау).
R-ақпарат