Бүгін Түркістан қаласында жас ұрпақ тәрбиесіне арналған маңызды әрі тағылымы мол кездесу өтті. «Ұрпақ тәрбиесіндегі – бетбұрыс» тақырыбында өткен бұл келелі жиын қазіргі қоғамдағы тәрбиенің рөлі мен бағытын қайта қарау, жаңа мазмұнмен толықтыру мәселелерін арқау етті.
Іс-шараны Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасбек Кушанов пен қоғам белсендісі Табиб Кушанов жүргізді. Сондай-ақ кездесуде Байғамышов Рамильұлы – Бақтияр облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, Мекенов Қозыбақ – Түркістан қаласы әкімінің орынбасары, Серік Айжанов – «Әділет» аумақтық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Грамшев Қанат – «Жеңіс мекені» жобасының жетекшісі, Шарипбеков Өмірбек – Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі, қоғам өкілі мен арнайы шақырылған ардагерлер мен білім саласының өкілдері болды.
Жиын барысында қатысушылар бүгінгі тәрбиенің бағыты, жастардың рухани-адамгершілік дамуы жайлы ой қозғап, өз ұсыныстарын ортаға салды.
– Ертеңгі елдің тұтқасы – бүгінгі жастар. Олардың бойына ұлттық құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді сіңіру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұл жолда ата-ана, ұстаз, ардагер – үшеуі біріккенде ғана нәтиже болады, – деді ардагерлер кеңесінің мүшесі.
Кездесу аясында тәрбие ісіне жаңа серпін беру, рухани сабақтастықты сақтау, ардагерлер мен жастар арасындағы байланысты күшейту, мектеп пен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жобаларын дамыту секілді мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, жастармен жұмыс істеудің тиімді тетіктері ретінде жүрекке жететін тәрбиелік қойылымдар ұйымдастыру, іс жүзінде үлгі боларлық кездесулер өткізу ұсынылды.