• Пт. Июн 6th, 2025
Популярные метки

ТҮРКІСТАНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТАЛАПҚА САЙ ІРІ СПОРТ КЕШЕНДЕРІ САЛЫНЫП ЖАТЫР

Автор:admin

Июн 3, 2025
Spread the love

Түркістан облысында бұқаралық және кәсіби спортты дамыту, сонымен қатар өңірдің халықаралық деңгейдегі спорт орталығына айналуына негіз қалау мақсатында ірі жобалар жүзеге асырылуда. Соның аясында ат спортына арналған халықаралық стандарттағы атшабар мен ескек есу каналы салынуда. Бұл жобалар тек спорттық инфрақұрылым ғана емес, сондай-ақ туризм, жастарды спортқа баулу және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырудың бір бөлігі ретінде қарастырылуда.
Жуырда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров аталған стратегиялық маңызы бар екі нысанды арнайы аралап, құрылыс барысымен танысты. Өңір басшысы жұмыс сапары кезінде нысандардың техникалық, экологиялық және эстетикалық талаптарға сәйкестігін мұқият қарап, тиісті сала мамандары мен мердігер мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.


АТ СПОРТЫ КЕШЕНІ – ТҮРКІСТАННЫҢ ЖАҢА СПОРТТЫҚ АЙНАЛЫМЫ:
Қазіргі таңда Түркістанда көпфункционалды атшабар кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл нысан Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) талаптарына толық сай болмақ. Кешенде болашақта Олимпиада бағдарламасына енгізілген конкур, үшсайыс сияқты спорт түрлерінен халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қазақтың ұлттық ат спортын дамытуға да ерекше назар аударылған. Жобаның іске асуы өңірдегі ұлттық құндылықтардың дәріптелуіне де оң әсерін тигізеді.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 30-дан аса ауыр техника мен 70-тен астам құрылысшы жұмыс істеуде. Нысан заманауи сәулеттік шешімдермен салынып, қауіпсіздік және халықаралық бәсекеге қабілеттілік тұрғысынан жоғары деңгейде жабдықталмақ. Облыс әкімі қолданылатын құрылыс материалдарының сапасын, гидроизоляциялық шешімдерді, сондай-ақ инженерлік-коммуникациялық жүйелердің тиімділігін жіті қарастырып, олардың барлығы жобалық-сметалық құжаттамаға толық сәйкес болуы керектігін қатаң тапсырды.


ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЕСКЕК ЕСУ КАНАЛЫ – СПОРТ ПЕН ЭКОЛОГИЯНЫҢ ҮЙЛЕСІМІ:
Түркістан қаласында салынып жатқан тағы бір ерекше спорттық нысан – халықаралық деңгейдегі ескек есу каналы. Бұл кешеннің маңызы тек спортпен ғана шектелмейді. Ол сондай-ақ қаланың суару жүйесін жақсартуға, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға және туризмді дамытуға зор үлес қосады.
Канал құрылысы үш кезеңнен тұрады. Жоба 2021 жылы басталған, бүгінде үшінші, яғни соңғы кезеңнің жұмыстары атқарылып жатыр. Құрылыс алаңында 165 маман және 24 арнайы техника тартылған. Мұнда академиялық есу, байдарка мен каноэ жарыстары, сондай-ақ қала тұрғындары үшін рекреациялық су спорты дамытылады.
Кешен құрамында:
— 1000 орындық көрермен трибунасы;
— қайықтар мен спорттық жабдықтарға арналған эллинг ғимараты;
— төрешілер мұнаралары;
— аэрация және сүзгі жүйелері;
— көрермендерге арналған жарықтық табло;
— инженерлік инфрақұрылым;
— көгалдандыру және абаттандыру элементтері болады.
Бұл инфрақұрылым өңірде бұрын-соңды болмаған спорттық орталықты құруға мүмкіндік береді.


ЖЕРГІЛІКТІ ДАМУҒА ЫҚПАЛЫ
Екі нысанның да Түркістан үшін маңызы зор. Олар:
— балалар мен жастар спортын дамытуға серпін береді;
— жергілікті туризмді жандандырады;
— халықаралық жарыстар арқылы шетелдік турист тартуға жол ашады;
— қаланың халықаралық имиджін арттырады;
— жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
Өңір басшысы барлық жұмыстардың белгіленген мерзімде, сапалы және халықаралық талаптарға сай орындалуын басты назарда ұстайтынын айтты.
Спорт – қоғамның даму деңгейінің көрсеткіші. Түркістанда қолға алынған спорттық инфрақұрылым жобалары елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, дені сау, білімді ұрпақ тәрбиелеуге де сеп болмақ. Облыс әкімдігі тарапынан нысандардың заманауи, көпфункционалды және экологиялық талаптарға сай болуы, қолжетімділік пен қолайлылықтың ескерілуі — басымдық ретінде белгіленген. Жобалар толығымен жүзеге асқанда Түркістан шын мәнінде Қазақстандағы спорт пен туризмнің маңызды орталығына айналады.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика