Киелі шаһар төрінде Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның «Түркістан» атты мерекелік концерті өтті. Бұл концерт Түркістан қаласының облыс орталығына айналып, Түркістан облысының құрылғанына 7 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев құттықтау сөз сөйлеп, құрмет көрсетті.
– Тарихи атауы тереңнен тамыр тартатын Түркістан облысы 2018 жылы дамудың жаңа белесіне көтерілді. Мыңжылдықтар тоғысындағы рухани шаһарға облыс орталығы мәртебесі беріліп, қаланың жаңа тынысы ашылды. Табиғи дарынымен қазақтың атын әлемге танытып, «Түркістан» атауын ән әлемінде қалықтатқан Роза Қуанышқызының айтулы күнді бізбен бірге қарсы алғаны – зор мәртебе. Өзіңіздей музыка тарихында есімі алтын әріптермен жазылған өнер майталмандарының жолын ұрпаққа үлгі ету – бізге артылған абыройлы міндет. Сізге облыс тұрғындарының атынан қазақ өнеріне сіңірген өлшеусіз үлесіңіз үшін шынайы алғыс білдіремін, – деді Ертай Кенжебекұлы.
«Керуен сарай» кешенінде өткен концертте алдымен Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әртістері мерекелік көңіл-күй сыйлады. Одан соң Роза Қуанышқызы «Түркістан», «Балдәурен», «Сол бір кездер», «Туған ел», «Домбыра туралы баллада», «Тойға шашу», «Ғажайып шексіздік» сынды жүрекке жылы әндерді орындап, көрермен ықыласына бөленді. Шәмші әндерін шырқады.
Концерт барысында сахна төріне Әли Оқапов пен Мади Рымбаев шығып, заманауи ырғақты және лирикалық әндермен кешті әрлей түсті. Әсіресе үш өнер иесінің «Ертеңіме сенемін» атты бірлескен орындауы кештің шарықтау шегі болды. Сондай-ақ «Бисұлтан», «Самғау», «Балауса» би ансамбльдерінің көркем хореографиясы сахналық қойылымдарға сән берді.
2018 жылғы 19 маусымда ҚР Президентінің Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілген болатын. Осы қысқа мерзім ішінде өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып, Түркістан қаласы түркі әлемінің мәдени және рухани орталығына айналды. Аз ғана уақытта облыс барлық бағытта көш бастаған өңірге айналды. Түркі жұртының танымында рухани орталық деп саналатын шаһардың туристік әлеуеті артып, экономикалық көрсеткіштері еселенді. Биыл ғана Мемлекет басшысының Жарлығымен Түркістанға ерекше мәртебе беріліп, шаһардың құзіреттіліктері молайды. Облыс орталығында елдің дамуына оң ықпал ететін республикалық, халықаралық деңгейдегі шаралар ұйымдастырылды. Бүгінгі өнер кеші соның айқын дәлелі іспетті.
Соңғы 7 жылда облыс экономикасы айтарлықтай дамып, жалпы өңірлік өнім 2,6 есе өсіп, 4,5 трлн теңгеге жетті. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, инвестиция және инфрақұрылым бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Бүгінде Түркістан – сәулеті мен дәулеті жарасқан жаңа заман қаласына айналып отыр.