Бүгінгі таңда жастарды еңбекке баулу, олардың бойында патриотизм мен туған жерге деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру – мемлекеттік жастар саясатының басты басымдықтарының бірі. Осы бағытта жыл сайын дәстүрлі түрде жүзеге асырылып келе жатқан «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жобасы еліміздің барлық өңірінде, соның ішінде киелі Түркістан қаласында да жемісті нәтижелерін беруде. Аталған жоба аясында шаһар жастары қаланы көркейту, көгалдандыру және санитарлық тазалықты сақтау жұмыстарына белсене араласып келеді.
Түркістан қаласы әкімдігі Ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Жасыл ел» еңбек жасақтары қала аумағында санитарлық тазалық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Бағдарлама аясында еңбекке тартылған жастар күнделікті белгіленген кестеге сәйкес шаһардың орталық көшелері мен саябақтарында, тұрғын үй алаптарында және қоғамдық орындарда ретке келтіру мен тазалау шараларын атқарып жатыр.
Кезекті тазалық шарасы аясында еңбек жасақтарының мүшелері Жарылқапов көшесінде арнайы тазалау жұмыстарын жүргізді. Жастар аталған көше бойында орналасқан жол жиектерінің (бордюрлердің) тазалығын қамтамасыз етіп, жиналған қоқыстарды, шөп-шаламды сыпырып, жол инфрақұрылымын ретке келтіруге өз үлестерін қосты. Мұндай нақты әрі жүйелі жұмыстар қаланың эстетикалық келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындар мен қала қонақтары үшін жайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Аталған жұмыстар ең алдымен қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға, қоғамдық орындардың тазалығын жоғары деңгейде сақтауға және ең бастысы – жастардың еңбекке деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған. «Жасыл ел» жобасына қатысу арқылы жастар тек қаржылай табыс тауып қана қоймай, туған қаласының тазалығына жауапкершілікпен қарауды үйренеді, ұжымда жұмыс істеу дағдыларын дамытады және экологиялық мәдениетті бойларына сиыстырады.
Жастар ресурстық орталығының мамандары атап өткендей, жас буынның мұндай қоғамдық пайдалы еңбекке араласуы олардың бойында азаматтық белсенділікті шыңдайды. Өз қолымен тазалық жүргізген жасөспірім ешқашан көшеге қоқыс тастамайды және өзгелерді де тазалықты сақтауға шақырады. Осылайша, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында жүзеге асып жатқан бастамалар Түркістан жастары арасында кең қолдау тауып отыр.
Бүгінгі таңда «Жасыл ел» жасақшыларының қатары күн санап артып келеді. Олардың арасында мектеп бітірушілер, студенттер және бос жүрген жастар бар. Іс-шараға қатысушы жастар да өз кезегінде мұндай бастамалардың маңыздылығын жоғары бағалап, киелі қаланың көркейіп, гүлденуіне өз үлестерін қосып жатқандарына қуанышты екендіктерін білдіруде.
Түркістан қаласында «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысы мұнымен тоқтамайды. Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, тазалық пен көркейту-көгалдандыру шаралары алдағы уақытта да бекітілген жоспарға сәйкес қаланың басқа да көшелері мен мөлтек аудандарында өз жалғасын табатын болады.