Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында Түркістан облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен Білім басқармасының «Қосымша білім беруді дамыту өңірлік орталығы» бірлесіп, Төлеби ауданындағы «Бәйшешек» жазғы сауықтыру лагерінде «АЙБЫН-2025» әскери-патриоттық жиынына арналған облыстық іріктеу байқауын өткізді.
Сайыстың ашылуына Түркістан облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылығы, сондай-ақ ҚР Қарулы Күштері мен локальді соғыстар ардагерлерінің республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері қатысты. Олар барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жалпы жарысқа Түркістан облысының аудан-қалаларынан келген 17 команда құрамындағы 255 жас қатысты. Жастар турникке тартылу, шалқасынан жатып денені көтеру, әскери кросс, арқан тарту, пневматикалық мылтықтан ату, АК-74 автоматын толық емес бөлшектеу және жинақтау, сондай-ақ жалпыәскери қорғаныс жиынтығын (накидка түрінде) кию секілді жаттығулар бойынша өзара бақ сынасты.
– Болашақ жауынгерлерді жастайынан әскери іске баулу, олардың бойында отансүйгіштік және қаһармандық рух қалыптастыру – барша қазақстандықтардың ортақ борышы, тікелей міндеті. Бұл дәстүрлі шарада алдыңғы жылдармен салыстырғанда нәтиже әлдеқайда жақсы болды. Сайыс барысында іріктелген 10 ұл мен 5 қыздың алдағы республикалық байқауда жоғары нәтиже көрсететініне сенемін, – деді Республикалық «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Аружан Шекербек.
Облыстық әскери-патриоттық жиынның қорытындысы бойынша І орынды Кентау қаласының командасы, ІІ орынды Сайрам ауданы, ал ІІІ орынды Арыс қаласының құрама командасы иеленді.
Жеңімпаздарға арнайы марапаттар, дипломдар және медальдар табысталды. Жақын арада жеңімпаз команда маусым айында Ақтөбе облысында өтетін халықаралық кезеңде облыс намысын қорғайтын болады.