Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Мурад Юстел бастаған «Aksa Energy» компаниясының өкілдерімен кездесіп, қуаттылығы 500 МВт-қа дейін аралас циклды газ зауытын салу жобасын жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойды. Қондырғы құрылысы биыл басталады.
Мегаполис басшысы жаңа жобаны енгізу қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізіп, қала бюджетіне қосымша кіріс әкелетінін атап өтті.
Құны 700 миллион АҚШ долларына жуықтайтын инвестициялық жобаны жүзеге асыру қала тұрғындарын сапалы электр және жылу энергиясымен және ыстық сумен қамтамасыз етуге бағытталғанын ерекше атап өткен жөн. Құрылыс кезінде 1000-нан астам жұмыс орны ашылады, ал іске қосылғаннан кейін 200-ден астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады.
Ғабит Сыздықбеков түрік компаниясына қалаға қызығушылық танытып, энергетикалық кешеннің дамуына тікелей инвестиция салғаны үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ маңызды саладағы бірлескен жобаны тез арада жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Айта кететін, қазірдің өзінде жалпы сомасы 1,7 трлн теңгені құрайтын 229 инвестициялық жобаның пулы жасақталды. Оның ішінде, басымбағыттары өңдеу өнеркәсібі саласында – 405,8 млрд теңге, тұрғын үйге – 594,4 млрд теңге, денсаулық сақтауға – 128 млрд теңге, ауыл шаруашылығына – 363,9 млрд теңге жоспарланып отыр. Нәтижесінде, 34 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
Бұдан бөлек Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан инженерлік инфрақұрылым желілеріне жұмыстары жүргізіліпті. «КазТрансГаз Аймақ» АҚ-ына тиесілі 898,9 шақырым табиғи газ құбыры жаңғырту үшін 28,2 млрд. теңге қажет. Бұл Шымкент қаласындағы газ құбырларының тозу деңгейін 12 пайызға төмендетеді.