Бүгін мектеп бітіруші түлектердің қауіпсіздігі және жасөспірімдер мен мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді өткізу бойынша атқарылатын шаралар туралы мәжіліс өтті.
Сондай-ақ, жиналыста күн тәртібінде өзекті деген бірнеше мәселе қаралды.
1.Қала аумағындағы балалардың құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша атқарылатын жұмыстар;
2. Балалардың шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары және төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша атқарылатын жұмыстары туралы;
3.Қала аумағындағы мемлекеттік және жекеменшік мектеп бітіруші түлектердің қауіпсіздік шаралары мен
балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жұмыстары туралы;
4. Қала аумағындағы кәмелет жасына толмағандарды және жасөспірімдерді бұқаралық спорт түрлеріне тарту бойынша атқарылған жұмыстар мен жоспарлар жайында қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша комиссия мүшелері өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Жиын соңында кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қауіпсіздігі, жат әдет- қылықтардын аулақ болуы, қажетті деңгейде білім мен тәрбие алуы, олардың құқықтарының қорғалуы жауапты мекемелердің ұдайы назарында болуы қажеттігін айтылып, нақты тапсырмалар жүктелді.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың себептері келесідей:
Отбасылық қиындықтар (әлеуметтік төмендік). Отбасы – жас ұрпақты әлеуметтендірудің ең маңызды институты. Ол баланың өмірі мен дамуының жеке ортасы. Қандай да бір қоғамдық немесе мемлекеттік мекеме болсын, белгілі бір жас кезеңінде тұлғаның даму тиімділігінде шешуші рөл атқара алмайтыны белгілі. Толыққанды отбасының болмауы, яғни отбасында ата-анасының (не екеуі, не бірінің) болмауы немесе отбасылық дисфункция бала өмірінде және оның тұлғалық қалыптасуында нақты қиындықтар тудыратын бірден-бір фактор. Қоғамның әлі күнге дейін жеңе алмай келе жатқан күресі осы.
Қолайсыз өмір сүру ортасы. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың орын алуына жиі себеп болатындарың бірі осы. Көп балалы отбасының шағын отбасына айналуы, бір балалы және толық емес отбасылардың көбеюі, отбасы мүшелері арасындағы өзара ұйымдастықтың жоқтығы әлбетте, баланың үйден емес, түзден, яғни сыртқы ортадан қарым-қатынас іздеуіне мұқтаждықты қалыптастырады. Өз отбасында ата-анамен байланыс, олардан тәлім-тәрбие, дұрыс бағыт алып өспеген бала қанша жерден жақсы болсын, озат болсын, мектебінде де қоршаған ортасында өзін нашар сезініп, оқшаулана бастайды. Міне, осыдан отбасы мен мектептің еркінсіздігін тастап, бейресми топтың еркінсіздігіне тап болады.
Бұқаралық ақпарат құралдары. Бұқаралық ақпарат құралдарының балаларға әсері туралы айтатын болсақ, ең алдымен олардың ақпараттық әсерін атап өту керек. Олар білім беру ұйымдарындағы білім беру жүйесінен айтарлықтай айырмашылығы бар бейресми білім беру жүйесін құрайды.
Кино мен теледидар агрессивті мінез-құлық дағдыларын дамытудың күшті көздері болып табылады. Теледидар арқылы балалар мен жасөспірімдер үйден шықпай-ақ агрессияның кең ауқымын үйренуге көптеген мүмкіндіктер алады. Бүгінде қоғамдық даму мен әлемдік жетілудегі технолизацияның «арқасында» кино мен теледидардың орнын интернет пен әлеуметтік желі тетіктері алмастырып, зардабын еселеп таттыруда.
Арандатушылық. Жасөспірімдердің көбі өздерінен үлкендердің ықпалымен қылмыстарға баратыны белгілі. Арандатушылық — ол тек үгіттеу ғана емес, сонымен қатар, қылмысқа тарту, құқықбұзушылық жасауға итермелеу. Арандатушылар — кез келген әдіспен кәмелетке толмағандарды өздеріне, не белгілі бір нәрсеге тәуелді етуге, оларды «жалған романтикаға» жетелей отырып өмірлерін бос жүріспен, маскүнемдікпен және нашақорлықпен бүлдіруге тырысады.
Құқықтық сауаттылықтың төмендігі немесе тіпті жоқтығы. Кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылық пен қылмыс жасау себептерінің бірі — құқықтық сауатсыздық. Жасөспірімдер кейбір моральдық тыйымдардың заңмен бекітілгенін ешқашан біле бермейді. Көптеген әрекеттер моральдық тұрғыдан қабылданбайды. Ал оның салдары заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады. Ұрлық, тонау, бұзақылық, рэкеттік әрекет, дене жарақатын келтіретін төбелестер, азаптаулар — мұның барлығы да көбіне өз ісіне жауапкершілікпен қарамайтын және жасағалы тұрған әрекетінің салдары неге әкеп соғатынын түсінбейтін, түсінсе де ойламайтын жасөспірімдердің тірлігі.
Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмысқа 14-18 жас аралығындағы адамдар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар жатады. Соңғы 10 жылда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың «жасару» процесі жүріп жатыр: 14-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің қылмыстық әрекеті 16-17 жас аралығындағыларға қарағанда айтарлықтай жоғары.
Жалпы, қылмыс сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесіне қарай онша ауыр емес, ауырлығы орташа, ауыр және аса ауыр қылмыстар болып төрт түрге, яғни санаттарға бөлінеді. Бұл Қылмыстық Кодекстің 11-бабында көрсетілген.
Онша ауыр емес қылмыс дегеніміз – ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру екі жылдан аспайтын қасақана, сонымен қатар бес жылдан аспайтын абайсызда жасалған іс-әрекет.
Ауырлығы орташа қылмыс – ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру бес жылдан аспайтын қасақана және бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген абайсызда жасалған іс-әрекет.
Ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру он екі жылдан аспайтын қасақана жасалған іс-әрекет ауыр қылмыс, ал он екі жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген қасақана жасалған іс-әрекет болса, ол аса ауыр қылмыс деп танылады.
Қоғам, заман өзгерді, адам да өзгерді. Сол өзгерістер бізге жат қылықтарын ала келгендей. Қылық – адамгершіліктің бір өлшемі болса керек. оны – адам бойында көрініс тауып, сыртқа жағымды не жағымсыз болып байқалатын қасиет десек те болады. Адам-адамға, жігіт-қызға, қыз-жігітке жақсы қылығымен ұнайтыны белгілі. Адам – адал, ақылды, парасатты болса, жігіт – жігерлі, өжет, батыл болса, қыз – ибалы, инабатты, сүйкімді болса, осы қылықтарымен бір-біріне жақындасып, дос болып, ғашықтығын сездіріп жатады. Жағымды қылықтар адамдарды мінезге бай, өмір сүруге құштар ете түседі. Өмірге құштарлық қоғамға, заманға, айналадағы азаматтарға мейірімді болуға, өз Отанын сүйіп, патриот болуға итермелейді. Қоғамда болып жатқан келеңсіздікке жиіркенішпен қарайды. Жат қылықтарға жүрегі айниды, сыздайды, ауырады. Ал, кейінгі ұрпақтың жат қылықтары бастан асып жатқандығын бәріміз де іштей байқап, сезіп отырмыз.