• Вт. Ноя 26th, 2024
Популярные метки

Тірлігі тындырымды аға медбике Нәзипа Лесбаева

Автор:admin

Ноя 8, 2023
Spread the love

Төлеби аудандық ауруханасында халық денсаулығы үшін күресіп,  тұрғындардың алғысына бөленіп жүрген жандар аз емес. Сондай мамандардың бірі – аға медбике Нәзипа Лесбаева. Оның аудандық ауруханада қызмет етіп келе жатқанына қырық жылдай уақыт болды.
Нәзипа Лесбаева – Леңгір қаласындағы медициналық училищенің  түлегі. Кешегі Кеңестер Одағы кезінде осы оқу орны облыс, республика көлемінде сапалы орта буын медицина қызметкерлерін даярлауға  елеулі үлес қосты.
Нәзипа 1984 жылы аталған оқу орнын үздік бітіріп, еңбек жолын Шымкент қаласындағы №2 перзентханада акушер  болып бастайды. Сол жылы ол  осындағы аудандық ауруханаға медбике болып жұмысқа орналасады. Ендігі оның бүкіл тыныс-тіршілігі осы ауруханамен байланысты өрбіді. Әр жылдары емханада, перзентханада медбикелік қызмет атқарды.
Соңғы жылдары  Леңгірдегі аудандық туберкулез диспансері жабылып қалуына байланысты оның бөлімі аудандық аурухана жанына орналасты. Аудандық аурухана әкімшілігі тәжірибесі мол Нәзипаны осы бөлімге ауыстырды.  Фтизиатрия бөлімі маманнан  аса жауапкершілікті, ұқыптылықты, біліктілікті талап етеді. Сондықтан медицина қызметкерлері ауруға шалдыққандарды дер кезінде анықтап, есепке алып, уақтылы емдеп, жұқпалы дерттен айығып кетулеріне мұқият көмектесуі керек. Осы сенімнен шығу үшін Н.Лесбаева бар білімі мен күш-жігерін жұмсауда.
Аудан   бойынша 16 науқас туберкулез ауруы бойынша тіркелген. Нәзипа осы науқастармен байланыс жасаған  адамдармен, отбасы мүшелерімен химиялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізіп отырады. Бұл үшін оларға «Манту» екпесі салынады.  Оң нәтиже көрсеткен  балаларға «Диаскет-тест» екпесі жасалады. Ондай екпе қабылдаған балалар саны – 11.
Жұқпалы дертке шалдыққан  науқастармен, олардың отбасы мүшелерімен жүйелі  санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізіледі. Одан сақтану, күтіну жолдары түсіндіріледі.
Аға медбике науқастарға медициналық қызмет көрсетуде бөлім дәрігерлерімен бірлесе  жұмыс  жүргізеді. Бөлімде
2 дәрігер, 3 медбике жұмыс істейді.  Алдын алу шараларының жүйелі жүргізілуі  нәтижесінде  құрт ауруы жылдан-жылға азаюда.
– Бөлімнің материалдық-техникалық базасы жетілдіріліп,  толықтырылып отырады. Былтыр жаңа құрылғылар, жиҺаздар алынды. Бөлімнің іші-сырты күрделі жөндеуден өткізілген.  Медицина қызметкерлері  қосымша қорғаныш материалдарымен, екі сыпыра халат, пижама (жамылғы), аяқ киім, қолғап, бетперде, кеңселік заттармен, компьютермен, тағы да басқа құрылғылармен  қамтылған.  Осылардың бәрі медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға жағдай туғызады, – дейді аға медбике.
Жоғары санатты медбике Нәзипа Лесбаева медицина саласында үздіксіз және жемісті қызмет атқарғаны үшін  2013 жылы ауданның «Жыл үздігі» атанды. «Аманат» партиясының, облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының,  облыстық кәсіподақ комитетінің  және бірнеше рет аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Нәзипаның  үлкен қызы Гүлсана мен ұлы Азамат ана жолын қуып, медицина мамандығын таңдаған. Қызы – медбике, ұлы – фельдшер.

К.ЕЛІКБАЕВ.
Төлеби ауданы.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика