Қазақстан халқы Ассамблеясының ұлтаралық татулықты нығайтудағы маңызы зор. Ел бірлігін нығайтуда өзіндік мақсаты бар институттың ХХХІІ сессиясы «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» тақырыбына арналды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев дәстүрлі жиынға арнайы қатысып, ел бірлігін нығайту мен ынтымағын сақтаудың жолын ұсынды.
Сессия барысында Мемлекет басшысы «Түптеп келгенде, бірнеше тіл білу – әр адамның мәдениеттілігінің белгісі. Ал, мемлекеттік тілді, әсіресе ана тілін, яғни қазақ тілін білу – қандай да бір азаматтың мәдени өресі, азаматтық жауапкершілігі қаншалықты биік екенін білдіреді. Сондай-ақ, қаншалықты патриот екенін көрсетеді. Жалпы, мемлекеттік тіл төңірегінде оң көзқарас ұстану қажет. Тіл мәселесіне қатысты барлық пікірталас этникалық емес, азаматтық және саяси сипатқа ие екенін түсіну маңызды» деп атап өтті.
Тіл — қарым-қатынас құралы ғана емес, өзара ынтымақты сақтап, терең ұғынуға мүмкіндік беретін негіз. Сессияның алғашқы күнінде республиканың түкпір-түкпірінен келген этномәдени бірлестік өкілдері мемлекеттің мызғымас ынтымағы мен бірлігін қамтамасыз ету жолындағы алғы шарттарды зерделеді. Шымкент қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің атынан алқалы жиында мен де ұсыныс-тілегімді ортаға салдым. Онда Ассамблея мүшелерін әлеуметтік құрылымдарда, әсіресе білім, денсаулық сақтау ұйымдарында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге атсалысуға шақырдым. Этномәдени бірлестік өкілдері сол арқылы өскелең ұрпақтың санасына бірлік, ынтымақ ұғымдарын ерте бастан сіңіруге үлес қоссақ, ертеңіміздің тұрақтылығына кепіл болмақ. Ұсынысымыздың Президент тапсырмасымен үндес шыққанына қуаныштымын және қоғам қолдауына ие болады деген сенімдемін.
Тахирбек НИШАНБАЕВ, Шымкент қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы