«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшы Жанар Бектаева, “Қарулы Күштер ардагерлері” РҚБ ШФ төрағасы, Орталық Кеңестің төраға орынбасары, Шымкент Қорғаныс істер жөніндегі департаменті қызметкері, Шымкент ардагерлері Қоғамдық бірлестіктер коалициясының төрағасы отставкадағы полковник Серікбай Онбаев және қала тұрғындары Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұловаға орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Жиылған жұртшылық тарихқа тағзым етіп, екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
— Келер ұрпақтың көрер жақсылығы мен тартар азабы бүгінгі біз қабылдайтын шешімдерге, дәріптейтін құндылықтарға байланысты болмақ. Сондықтан 9 мамыр – Ұлы Отан соғысының адамзатқа әкелген зардабын еске алып, боздақтарымыздың майданда төгілген қаны мен ата-әжелеріміздің тылда төгілген маңдай терінің алдында бас иетін қадірлі күн! Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз тыныш болсын! — деді Ж.Бектаева.
Айта кететін, Қазақстанның барлық өңірі мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында ардагерлерге төлем жасалды. Аталған мақсаттарға жергілікті бюджеттерден барлығы 187 млн теңге бөлінді.
Әлеуметтік көмек көрсетудің қолданыстағы қағидаларына сәйкес, 9 мамырға орай берілетін біржолғы төлемдер сомасы жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктеріне және мәслихаттардың шешімдеріне байланысты әр облыста дербес белгіленеді, дейді Үкімет.
Қариялар – қазынамыз, даналықтың қайнар көзі. Ардақты қарттар – ақылшымыз, жанымызға медеу болатын қамқоршымыз. Данагөйлер елдің тілеуін тілеп қана қоймай, ұрпақ тәрбиесіне де үлес қосады.
Біз де ата-әжелеріміздің «Отаныңа адал бол» деген өсиетін орындап, еселі еңбек етіп келеміз. Олардың жүздерінен күрсініс емес, күлкі көру біз үшін бір бақыт. Атқарған қызметтеріне, ерен еңбектеріне бас иеміз. Олардың батасын алу – мен үшін мәртебе. Оларды құрметке бөлеу, қамқорлық жасау – біздің борышымыз.