Тараз қаласындағы Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5513 әскери бөлімінде Ішкі істер органдары ардагерлерінің күніне орай «Ұрпақтар сабақтастығы – елге қызмет ету өнегесі» тақырыбында кездесу өтті.
Іс-шараға ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері, әскери бөлімнің жеке құрамы және жас сарбаздар қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – аға буынның қызметтік тәжірибесін жас әскери қызметшілерге үлгі етіп, әскери-патриоттық тәрбиені нығайту және ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу.
Тағылымды басқосуға Қазақстан Республикасы ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасы Тараз бөлімінің жедел уәкілі капитан Елдос Қалматаев, 5513 әскери бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы подполковник Ақайдар Дүйсембиев және Жамбыл облыстық ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлер ұйымы кеңесінің төрайымы Бақыт Төлемісова қатысты.
Кездесу барысында ардагерлер қызметтік жолдарынан естеліктер айтып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен әскери міндеттерді орындауда жинақтаған тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ әскери тәртіптің маңызы, Отан алдындағы жауапкершілік, антқа адалдық және жауынгерлік жолдастық туралы ой қозғады.
Аға буын өкілдері жас сарбаздарға ел тыныштығын қорғау үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтіп, әскери қызметтің қиындықтарына төзімділік танытуға, өзара сыйластық пен бірлікті сақтауға шақырды.
Өз кезегінде жас әскери қызметшілер ардагерлерге сұрақтар қойып,ц олардың өмірлік және кәсіби тәжірибесіне қатысты пікір алмасты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер әскери дәстүрлердің сабақтастығын сақтауға, жас сарбаздардың бойында патриоттық рух пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді.
Кездесу соңында ардагерлерге ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы көпжылдық қызметі мен жас ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесі үшін алғыс білдірілді.