Бүгін, Түркістан қаласында еліміз бойынша жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы шеңберінде кезекті жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Бұл шараның басты мақсаты – қала аумағында санитарлық тазалықты қамтамасыз етіп, экологиялық мәдениетті арттыру, тұрғындардың табиғатты аялауға деген жауапкершілігін күшейту.
Тазалық жұмыстарына Түркістан қаласына қарасты барлық дербес бөлімдер, 6 сектор, коммуналдық мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар, сондай-ақ жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, облыстық басқармалар мен департаменттердің қызметкерлері белсене атсалысты. Жалпы алғанда сенбілікке 800-ге жуық адам қатысып, қала тазалығына айтарлықтай үлес қосты. Қатысушылар тек өздерінің қызметтік міндеттерін орындап қана қоймай, қоғамға пайдалы іске бір кісідей жұмыла кірісіп, экологиялық бастаманы қолдаудың жарқын үлгісін көрсетті.
Сенбілік аясында арнайы ұйымдастырылған техника көмегімен қаланың әртүрлі аймақтарында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бұл жұмыстарға жалпы саны 15 арнайы техника тартылды. Аталған техникалар сенбілік кезінде жиналған қоқысты шығару, көше бойларын тазалау, шөп-шаламды тиеу сынды негізгі қызметтерді атқарды.
Атап айтқанда, Отырар тұрғын алқабына қарасты негізгі көшелерде қураған және арам шөптер шабылып, аяқ жолдар мен аулалар мұқият тазартылды. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында жаяу жүргіншілер жолы мен қоғамдық орындарда қоқыс жиналып, санитарлық жағдай айтарлықтай жақсартылды. Сенбілік нәтижесінде 40 тоннаға жуық тұрмыстық және табиғи шығу тегі бар қоқыс қалдықтары арнайы полигондарға шығарылды. Бұл – экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған ауқымды еңбектің айғағы.
Сонымен қатар, қала аумағында алдын ала экологиялық тұрғыдан маңызды деп танылған 18 арнайы аймақ белгіленіп, сол жерлерде де тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілді. Аталған аумақтарда қалалық санитарлық тазалық қызметкерлері мен еріктілер жұмыла жұмыс істеді. Олар қоғамдық саябақтар, демалыс орындары, канал маңайлары мен жол бойындағы аумақтарда қоқысты жинап, қала көркін арттыруға атсалысты.
Мұндай ауқымды экологиялық шаралардың маңызы зор. Біріншіден, бұл — тұрғындар арасында қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыратын тәрбиелік мәні бар бастама. Екіншіден, қала аумағындағы санитарлық-экологиялық ахуалды жақсартуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам.
Түркістан қаласының әкімдігі алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастырып, әрбір тұрғынды табиғатты қорғауға, қоршаған ортаны таза ұстауға шақырып келеді. «Таза Қазақстан» акциясы – тек бір күндік сенбілік емес, бұл – барша азаматты ұлт болашағы үшін атсалысуға шақыратын үлкен қоғамдық қозғалыс.
