Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, жас ұрпақтың туған жерге, өзі тұрып жатқан қала мен елді мекенге деген жанашырлығын қалыптастыруға бағытталған жұмыстарға көпшілік қолдау білдіруде.
Бүгін Қарасу өзенінің бойында «Таза жағалау» атты экологиялық іс-шара өтті. Өзеннің жағалауын тазалауға әкімдік қызметкерлері, қала жастары, аудан тұрғындары қатысты. Науқан барысында өзен жағалауынан бөлек, жасыл желек қалпына келтірілді. Өзен бойындағы ит-мысықтар алаңы да тазартылды.
Тазалық акциясына Әл-Фараби ауданы бойынша 450 адам, 8 техника жұмылдырылған.
Сондай-ақ, Қошқар ата өзенінің бойында «Таза жағалау» атты экологиялық іс-шара өтті. Үшінші мегаполистің мақтанышына айналған өзеннің жағалауын тазалауға қала жастары мен «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелері, барлығы 400-ге жуық адам қатысты.
Олар өзен бойында жиналып қалған күл-қоқыстар мен өзен аңғарындағы қураған ағаш бұталарды жинады. Жағадағы қалың шөп те орылды.
Қала тұрғыны Жүрсін Раеев: «Халқымыз «Бұлақ көрсең көзін аш» деген нақылды босқа айтпаған ғой. Қошқар ата – суы мөлдір, таза әрі шипалы өзен. Өзеннің бастау алатын тұсына барып қарасаңыз, оның суы қаншалықты мөлдір екеніне көз жеткізесіз. Бұл – Табиғат-Анамыздың бізге берген үлкен сыйы. Егер өзеннің жағалауы мен сағасын үнемі таза ұстай білсек, Қошқар атаның суы бүкіл қаламыздан осындай тап-таза, мөп-мөлдір қалпында ағып өтер еді. Бұл қаладағы экологиялық ахуалға оң әсерін тигізетіні сөзсіз», — деп, тұрғындарды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақырды.
Тазалық іс-шарасы барысында тұрғын үйлердің аулаларын мен жол жиектері, ойын алаңшалары тазаланып, шөптер орылды. Арықтар тазаланып, талдардың түптері әктелді. Аулалар ретке келтіріліп, күл-қоқыс пен қалдықтардан тазаланды.
Іс-шараға қатысқан Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Бауыржан Әлтеев күнделікті өмірде тазалықты сақтау азаматтардың туған жерге, өз қаласына деген жанашырлығының көрсеткіші екенін атап өтті.