Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында арнайы жұмысшы тобы құрылып, аудан аумағында орналасқан кәсіпкерлік нысандардың санитарлық тазалық жұмыстарына мониторинг жүргізуде.
Жұмысшы топ жұмысты аудан орталығы Жетісай қаласынан бастады. Әрбір нысан иесімен жүздесіп нысанға жапсарлас 5 метр аумақтың санитарлық тазалығы, көшелерді су басуы қауіпінің алдын алу мақсатында арық-атыздардың тұрмыстық және құрылыс қалдықтарынан таза болуы керектігін түсіндірді. Қоқыс шығарушы мекемелермен келісім-шартқа тұру мәселесі көтерілді.
290 түрлі деңгейдегі кәсіпкерлік нысаны бар қалада жүргізілген мониторинг жұмыстарының алғашқы 3 күнінде 108 нысан тексеріліп, тазалыққа немқұрайлы қараған 25 кәсіпкерге ҚР ӘҚБтК 505-бабына сәйкес хаттама толтырылды. Айыппұл салынды.
Айта кетейік, қала, кент және барлық елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ, инфрақұрылымдарды, жасыл екпелерін жою және бүлдіру – ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – жиырма, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – қырық, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Егер аталған құқық бұзушылықтар әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталанып жасалса, онда жеке тұлғаларға – отыз, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – қырық, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі