Логопед пе, дефектолог па?
Алдымен осы екі мамандықтың ара-жігін ажыратып алайық. Елімізде логопед мамандарға деген сұраныс соңғы жылдары күрт көбейген. Себебі, сөзі түсініксіз, былдырлаған бала көп. Логопед мамандар сөйлей алатын, бірақ, сөздері түсініксіз, тілінің мүкісі бар, кейбір әріптерге тілі келмейтін балалармен жұмыс істейді.
Ал, дефектологтардың жұмысы логопедтерге қарағанда күрделірек. Олар туабітті сөйлей алмайтын немесе психикалық ауру салдарынан тілі шықпай қалған балалармен жұмыс істейді.
Қай жерге бармаңыз, логопед пен дефектологтың алдына кіру, қабылдауына жазылу мұң болып тұр. Өйткені, мұндай проблемамен бетпе-бет келіп отырған ата-аналар өте көп. Осыған қарап-ақ елімізде тіл мүкістігінің кең етек алғанын аңғаруға болады.
Мамандар не дейді?
Мұндай балалармен айналысатын мамандардың бір минут та бос уақыты жоқ екенін айттық. Десе де, Түркістан қаласындағы «Қамқорлық» оңалту орталығының дефектологы Таңшолпан Әбділдәмен тілдесудің сәті түскен еді.
– Қазіргі таңда баласының тілінің кеш шығуы немесе мүлдем шықпай қалуы бойынша дефектологқа жүгінетін ата-аналар өте көп. Баланың сөйлей алмауына әртүрлі жағдайлар себеп болуы мүмкін. Оның негізгілері ретінде тұқым қуалаушылықты, дыбыс шығару жүйесінің дұрыс істемеуін, ауыз қуысы жүйелерінің дұрыс қалыптаспауын, сыртқы психикалық факторларды айтуға болады. Әйелдер жүкті кезінде күйзелістен, ұрыс-жанжалдан аулақ болуы керек. Бұл жатырда жатқан балаға үлкен әсер етеді. Бала дүниеге келген соң да онымен көп сөйлесіп, оның жауабын дыбыспен, сөзбен білдіруін қадағалау керек, – дейді дефектолог Таңшолпан Әбділдә.
Арнаулы маман бала тілінің шығуына бесік жырының да әсері зор дегенді айтады. Дефектологтың сөзіне сенсек, бала бесік жырын есту арқылы, оны өзіне қабылдайды, құлағына сіңіреді, сосын өзі де қосылып ыңылдап айтуға талпынады екен. Туғаннан құлағына бесік жыры сіңген баланың тілі де оңай әрі тез шығады.
Не істеу керек, не істемеу керек?
Дефектолог мамандар бала тілінің кеш шығуы немесе мүлдем шықпай қалуына заманауи технологияның да кері әсері барын айтады. Расымен де, бүгінде кішкентай сәбидің өзін смартфонға «байлап» қоятын ата-аналар аз емес. Құлағының тыныштығын ойлап, баласына ұялы телефоннан түрлі ойындар, мультфильмдер қосып бере салатын, оның зардабын жете түсінбейтіндердің қарасы қалыңдап барады. Салдарынан сөйлей алмайтын, сөйлесе де сөзін, ойын дұрыс жеткізе алмайтын балалардың саны күн санап көбеюде.
Мамандар баланың сөйлеу дағдысына немқұрайды қарамай, сәби шағынан диалогқа тартқан дұрыс дейді. Бесік жырынан бөлек, әртүрлі ертегілер айтып, оның есту, сөйлеу мүшелерін жаттықтыру керек дегенді айтады. Баланы сәби кезінен диалогқа тартып, сөйлесуге үйрету артықтық етпейді.
– Кейде еркелетіп, «ути-путилатып» жіберетініміз бар. Бірақ, осындай түсініксіз сөздер баланың санасына кері әсерін тигізеді. Оның орнына керек кітаптар оқып беріп, пайдалы сөздерді санасына сіңірген абзал. Сосын балаға жекіп сөйлеуге, қол жұмсауға болмайды. Ұрсу, ұру сәбиге психикалық соққы болып тиеді. Ондай соққы алған баланың дамуы өз қатарластарынан үш-төрт жылға кешеуілдейді, – дейді дефектолог мамандар.
Мұндайда дана халқымыздың «балаңды 5 жасқа дейін патшаңдай күт» деген пәлсапасы еске түседі. Дефектолог мамандар бала тілінің кеш шығуына немесе мүлдем шықпай қалуына отбасыдағы ұрыс-жанжалдың да әсері мол дейді.
«Тісің сынсын»
Бұрынғы ата-әжелер «тісің сынсын» деп өздерінен қалған жілікті, сүйекті немерелеріне беретін. Сондағысы бала шайнап үйренсін, сол арқылы жақ сүйектері қатайсын дегені ғой. Қазір жілік мүжімек түгілі ет шайнап отырған бала көресіз бе? Сүтті бөтелкемен, жеміс-жидекті блендрден өткізіп, жұмсақ күйде береді. Шайнау қажеттілігі қанағаттанбаған баланың сөйлеу дағдысы да дамымайтынын дәрігерлер айтып отыр. Үнемі сору арқылы тамақтанған, тек жұмсақ тағамдар жеген баланың дәм сезгіш қасиеті де бұзылады екен. Жұмсақ тағамдардың әсерінен тілдің ұшындағы дәм сезу аймағы әлсірейді.
Сондықтан да баланы тамақтандыруда жасын ескерген абзал дейді мамандар. Бала өскен сайын қою тамақты көбейткен дұрыс екен. Сұйық ас баланың жақ сүйегіне кері әсер ететінін ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген.
Қазіргі балалардың тілі неге кеш шығады деп ойланып көрдіңіз бе? Біздің бүлдіршіндер «бөтелкелі» өмір салтын ұзақ ұстанғандықтан, «кеш сөйлейтін» болды. Аузында екі тісі пайда болғаннан сәби қою, құнарлы тағамды қосымша жеуі керек. Қазір көп ата-ана баласының тағамын блендерден өткізіп бергенді ұнатады да, балалар 3-5 жасқа дейін ұсақталған, үгітілген ас ішеді.
Ата-әжелеріміздің «тісің сынсын» деп өзінен қалған жілік, сүйектің қалдығын бала-шағаға тастайтыны бар. Ондағы ойы – бала шайнап үйренсін, тісі қатайсын дегені. Қазір жілік мүжімек түгіл ет шайнаудың өзі шет құбылыс болып тұрғандай.
Шайнау қажеттілігі қанағаттандырылмағандықтан, тіл дамуы тежеледі. Сонымен қатар дәм сезгіш қасиеті бұзылады (үнемі сорудың арқасында тіл ұшындағы дәм сезу аймағы әлсірейді.
Құнары аз, сұйық ас асқазан-ішек жолдарының жұмысына кері әсер етіп, іш қатуына әкеледі.
Кеңес біреу-ақ: балаға бөтелкеден тамақ беруді таңдау кезінде оның жас ерекшелігін есепке алыңыз. Егер өзіңіз дайындасаңыз, тамаққа шанышқымен езілген тағамды да қосыңыз. Жасы өскен сайын тағамның санын емес, сапасын арттырыңыз – ботқаның мөлшері көбеймей, қоюлану керек. Сұйық ас – сөйлеуге кері әсер етеді.
Егер екі аптаның ішінде балаға онша ұнай бермейтін асты ұсынсаңыз, оған ол міндетті түрде үйреніп кетеді. Тәжірибеде дәлелденген.
Толассыз ақпараттар ағыны да баланың тілінің кеш шығуына немесе тіптен шықпай қалуына теріс әсерін тигізеді екен. Бала смартфон немесе теледидар арқылы қажетсіз ақпараттарды шамадан тыс қабылдауы мүмкін. Ол оның санасына «сөйлеу қажеттілігі жоқ» деген ойды қалыптастыруы ықтимал.
Балаңыздың тілі шықпай, сөйлемей, оғаш қылық көрсетіп жатса, алдымен педиатрға көрсеткен дұрыс. Ол жағдайды анықтаған соң қажетті маманға жібереді. Дефектолог мамандар невропатолог диагноз қойғаннан кейін жұмыс істейді. Олар баланың жасына, ой-өрісіне қарай емдік шаралар қолданады. Оңалту орталығынан 100 пайыз емделіп кетеді деп айта алмаймыз. Дефектолог мамандар баланың қоршаған ортаға бейімделуіне жол көрсетеді. Оңалту орталығындағы процесс 10 күнге созылады, – дейді дефектолог маман Таңшолпан Әбділдә.
«Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі», – деп таңдана жазған екен өткен ғасырда жер аударылып келген поляк революционері А. Янушкевич өз естеліктерінде. Әйгілі Затаевичтің «Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай…» деуінің астарында көп сыр бар. Ал мұның басты себебі баланың бесік жырын тыңдап өскендігінде жатыр. Бесік жыры – балаға берілетін алғашқы тәрбие. Бесік жыры арқылы баланың тілі ерте шығатынына бүгінде мән бермейміз. Бесік жырын тыңдап өскен баланың есте сақтау қабілеті жақсы жетілетініне көңіл аудармаймыз. Бүгінгі ұрпақ шешендігінен, әншілігінен, ақындығынан, сабырлылығынан, парасаттылығынан ажырап барады. Бұл да – алаңдатарлық жай», – дейді
Зейнеп Ахметова апамыз. Қазір ше? Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Немересіне ертегі айтатын әжелер азайып бара жатыр, сәбиін бесікке бөлеп, бесік жырын айтатын келіндер азайды. Мен осыдан қорқамын…».
Сау баланың дүниеге келуі ата-ананың денсаулығына байланысты. Сонымен қатар, тілдің кеш шығуы неврологиялық ауруларға тікелей қатысты. Яғни, жүйке жүйесінің бұзылуы кері әсерін тигізеді. Сондықтан немқұрайлы қарауға болмайды. Өйткені, дер кезінде көңіл бөлмесе, бұл дерттің салдары көптеген ауруға әкеп соқтыруы мүмкін.
«Бала тілі – бал» деп бекер айтылмаса керек. Бүлдіршіннің әрбір былдырлаған тәтті сөзі кімді болмасын еріксіз қызықтырады. Алайда, бүгінде бұл салаға сұраныс жылдан-жылға артып отыр. Мәселен, қазір елімізде арнайы балабақша мен орталықтар күн санап көбеюде. Осыдан кейін тіл мүкістігі бар бала неге көбейіп барады деген сауал еріксіз ойға оралады. Жалпы, ол неден пайда болады? Әрине, оған нақты жауап жоқ. Десе де, мамандар түрлі болжам айтуда. Атап айтсақ, баланың дамуы кезінде тісінің қисық шығуы, таңдайы мен тілінің жырық болуы, аузын еркін аша алмауы – мұның бәрі тілің кеш шығуына әсер етеді. Сондай-ақ, туғаннан баланың есту қабілеті нашар болса, айтылған сөзді құлағында сақтап қала алмайды. Сол себепті де сөзді анық айтпайды.
Бізде көбіне «Менің балам ерке, есі білгенде өзі-ақ жөнделеді» деп жатады. Сондай-ақ, үлкендер жағы «Оның әкесінің тілі кеш шыққан, баласы өзіне ұқсаған ғой» деп мән бермейді. Бұл пікір дұрыс емес. Сәбидің өз жасына сай сөйлеуі маңызды. Қарап отырсақ, ата-аналар баланы көп нәрседен шектейді. Көзінен таса қылмайды. Жанынан бір елі ұзаса мазасызданады. Сыртқа шығармай ұялы телефонға телміртеді. Ал, ғалымдар тілдің дамуына бала қолының бұлшықеті мен саусақтағы нүктелердің зор әсері барын айтады. Сондықтан оны күніне бір мезгіл топырақта ойнату керек. Сондай-ақ, тілі кеш шығып келе жатқанын аңғарса, ең алдымен невропатолог дәрігерге тексертіп, кейін логопед мамандардың көмегіне жүгіну қажет. Дегенмен, дер кезінде ем қабылдаса мұндай қиындықтан арылуға болады.
Бала тілінің кеш шығуының себептері мен салдарын тізіп шықтық. Енді ары қарай шығатын жолды облыстық балалар ауруханасының жоғары дәрежелі логопед-дәрігері Гүлнәр Юнусова айтып береді.
– Ресейдің Е. Архипова деген профессоры баламен 3 айлық кезінен жұмыс істеу керек дейді. Негізінде, 4-5 жаста бала еркін сөйлеуі керек. 1 жасында сөйлеп бастауы керек. Қазір кейбір балалар 1 жасынан бастап сөз тіркестерін айта бастайды. 1,5-2 жас аралығында сөз тіркесін айтуы керек. «Әкем үйде жоқ» дегенді «кем иде жо» деуі мүмкін. Бұл қалыпты жағдай. 2,5 жастан 3,5 жасқа дейін бала өз іс-әрекеттерін сипаттай бастайды.
Кейде ата-ана баласын 1 дыбысты ғана дұрыс айтпайды деп ойлайды. Мысалы р әрпін. Ал бізге келгенде бір емес, бірнеше дыбыстар тобын айта алмайтынын анықтаймыз.
Бірінші логопедке апару керек. Сауатты маман қосымша неврологқа, психолог, психиатрға бағыттайды. Егер бала сөйлеуден бас тартса, онда оның психологиялық себептері (мутизм) де бар деген сөз. Көп психологтар мұны байқай бермейді. Кейде психоневрологқа жүгіну керек.
Орталық жүйке жүйесінің зақымдануы, ми жұмысының бұзылуы баланың тіл кемістігіне әкеледі. Ауыз қуысының әлсіздігі де себеп болып отыр. Онда стоматологқа жібереді. Кекештену кезінде бәрінен бұрын асқазанды паразиттен тазарту керек. Әрине, мұндай кезде педиатрға жібереміз. Бауыры ауырған соң ауыз қуысы әлсіз болуы мүмкін. Жиі ауыратын баланың тілі де кеш, қиын шығады.
Бала тілінің дұрыс шығып, дұрыс сөйлеуіне «Цептер» фирмасының Биоптрон лампасын қолдануды ұсынамын. Оның жарығы адам денсаулығына оң әсер етеді. Электрлік тіс щеткасы да сөйлеу проблемаларын шешуге таптырмайтын құрал.
Қазір көп логопедтер бет және ауыз қуысына массаж жасау әдісін қолданады. Оны қолданғанда абай болған жөн.
Жалпы, бала денсаулығы дұрыс болсын десек, үйде жағымды атмосфера қалыптастыруымыз керек. Баланың жағдайы көбінесе үйдегілердің қалыптасқан қарым-қатынасына байланысты. Үлкендер бір-біріне қамқор болып, дұрыс қарым-қатынас түзсе, баламен жиі әңгімелессе, тілі де тез шығады. Ал үнемі айқай-шу, бір-бірін кінәлау, ұрыс болатын ортада балаңыз «құрдымға» кетті дей беріңіз. Көп ата-ана бала үлкендердің қарым-қатынасын түсінбейді деп ойлайды. Бұл дұрыс емес. Балалар өкпе, өкініштің бәрін сезеді, түйсінеді. Егер ата-аналардың қарым-қатынасы нашар болса, үйде ұрыс-жанжал тыйылмаса, бала мұны тез қабылдап алады.