Қоғамдағы ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру бағытында маңызды қадамдар жасалуда. Елімізде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларына жаңа өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, әдістемелік тұрғыдан жаңа талаптар бекітілді.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 8-бабының 5-тармағына сәйкес, мемлекеттік органдар, ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жылына кемінде бір рет ішкі талдауды жүзеге асырады. Бұл бағыттағы жұмыстардың тиімділігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының 2026 жылғы 6 тамыздағы № 138 бұйрығымен тиісті қағидаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Аталған өзгерістерге сәйкес, егер сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жөніндегі уәкілетті орган тарапынан талдау объектісінің қызметіне сыртқы талдау жүргізілсе, ішкі талдау ол аяқталған күннен бастап бір жыл өткен соң жүргізілетін болады.
Құжатта талдау объектісінің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметіне қатысты бағыттар нақтыланған. Атап айтқанда, персоналды басқару, оның ішінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне бейім лауазымдарды айқындау, мүдделер қақтығысын алдын алу және реттеу, мемлекеттік қызметтер көрсету, рұқсат беру функцияларын іске асыру, бақылау-тексеру функцияларын іске асыру, бюджет және қаржы қаражатын игеру және бөлу, мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыру, бюджеттік жоспарлау, жеке және заңды тұлғалармен шарттар жасасу, цифрлық жүйелерді әзірлеу және пайдалану, талдау объектісінің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметінен туындайтын өзге де мәселелер.
Сонымен қатар, ішкі талдау жүргізуге арналған ақпарат көздері едәуір кеңейтілді. Ендігі кезекте заңды күшіне енген сот актілері, әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстарда жарияланған материалдар, өтініштер және өзге де мәліметтер жан-жақты зерделенеді.
Маңызды жаңалықтардың бірі – субъектінің ішкі талдау нәтижелері бойынша сыртқы талдау жүргізу қажеттілігі туралы уәкілетті органға сұрау салуға құқығы бар. Анықталған тәуекелді лауазымдардың тізбесін әдеп жөніндегі уәкілдер мен комплаенс-қызметтер профилактикалық жұмыстарды ұйымдастыру кезінде пайдаланады.
Талдау нәтижелері мен іс-шаралар жоспарының орындалу барысы бірінші басшыға жарты жылда бір рет (15 қаңтар мен 15 шілдеге дейін) ұсынылып отырады. Осы процестердің сапасын қамтамасыз ету үшін Агенттік арнайы Әдістемелік ұсынымдар әзірледі.
Бұдан бөлек, 2026 жылғы 12 маусымдағы № 311-VIII Заңға сәйкес мүдделер қақтығысын реттеуге қатысты жаңа баптар енгізіліп (2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі), Әдістемелік ұсынымдар жеке мүдделерді декларациялау, қорытынды шығару және өзара байланыстылықты тексеру бөлігімен толықтырылды.
Жұмыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар интернет-ресурстарындағы сыбайлас жемқорлық картограммасы бөлімінде тиісті мәліметтердің орналастырылуын қамтамасыз етуі тиіс.
Бұл шаралар мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы ашықтықты арттырып, жемқорлық көріністерінің алдын алуға тың серпін бермек.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті