ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Шымкентке іс-сапармен келді. Сапар барысында шаһардың белсенді жастарымен кездесіп, өңір дамуында жас буынға жүктелетін міндеттерді атап өтті. Сондай-ақ, сенаторлар бұған дейін палатаның тұрақты комитеттеріне Шымкенттегі “AZALA Textile” тоқыма фабрикасының жұмысшыларынан өтініштер келіп түскенін ескеріп, кәсіпорынның қызметімен танысу үшін аталған нысанға арнайы барды.
Мәулен Әшімбаев қаланың белсенді жастарымен кездесті. Жиын барысында реформаларды іске асыруда және Шымкенттің дамуында жас буынға жүктелетін міндеттер туралы талқыланды. Сондай-ақ, ол өз сөзінде Президентіміздің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан осындай шаралардың негізгі мақсаты, елімізде әділетті қазақстан құру, деді. Қазір еліміз үшін өте маңызды кезең. Ауқымды әрі кешенді реформалар қолға алынып, қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл реформалардың негізгі мақсаты әділетті саяси-экономикалық жүйе қалыптастыру. Әділетті жүйе дегеніміз, бірінші кезекте, заң үстемдігін орнату және азаматтардың бәріне бірдей тең мүмкіндік жасау. Бұл Жаңа Қазақстан құрудың негізгі мәні екені сөзсіз», деді Сенат Төрағасы.
Сондай-ақ, жиында сенат спикері экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, ауыл шаруашылығының өнімділігі мен тиімділігін арттыру, еліміздің барлық өңірінде инфрақұрылымды жаңғырту және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі жақсарту сияқты стратегиялық межелер бар екеніне де тоқталып өтті.
Жастардың санасы ашық болуы керек деген Мәулен Әшімбаев, жастарды дұрыс тәрбиелеу ісінде, ең алдымен өскелең ұрпақ арасында дұрыс құндылықтар қалыптастыру керектігін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, жиында жастардың сұрақтары мен ұсыныстары да тыңдалды.
Жиыннан кейін, Төраға Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ сенаторлар бірнеше нысанды аралап, тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ, сенаторлар бұған дейін палатаның тұрақты комитеттеріне Шымкенттегі “AZALA Textile” тоқыма фабрикасының жұмысшыларынан өтініштер келіп түскенін ескеріп, кәсіпорынның қызметімен танысу үшін аталған нысанға арнайы барды. Кәсіпорында болған кездесуде сенаторлар жеңіл өнеркәсіп секторындағы бизнестің негізгі мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.