Қазақстан Республикасыныі Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласына іс-сапармен келді.
Жумыс сапары барысында Сенат депутаттары Қоғамдық кеңес мүшелерімен, Шымкент қаласы мәслихатының депутаттарымен кездесу өткізді.
Сенаторлар Парламенттің, оның ішінде Сенаттың атқарған жұмысы, жаңа өкілеттіктер, қабылданған және қараудағы заңдар, алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Кездесу барысында әлеуметтік төлемдердің мөлшері мен оларды беру тәртібіне, қала аумағы инфрақұрылымына, газдандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ішкі нарықты қорғауға, кәріз жүйелерін тазарту құрылысжайларын салуға қаражат бөлуге және өңірдегі экономикалық-әлеуметтік ахуалға қатысты мәселелерді қозғап, сұрақтар қойды.
Сондай-ақ жеке меншік мектептерді кітаппен қамтамасыз ету, жер қатынастары, баспасөз қауіпсіздігі, психолог мамандарының мәртебесі туралы мәселелер көтерілді. Қоғамдық кеңес мүшелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс – қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы берілген тапсырмалар мен ҚР Қоғамдық кеңестер туралы заңын талқылап, экология, ауыл шаруашылығы, жол, денсаулық сақтау саласы тақырыптары бойынша қаламыздағы өзекті мәселелерді ортаға салды.
Сенат депутаттары жиынға қатысушылардың ұсыныстары мен өтініштерін тыңдап, бірлесе талқылап, қойылған сұрақтарға жауап берді.
Жиын соңында Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова кездесуде көтерілген өзекті мәселелерді бақылауда ұстайтынын жеткізді. Сонымен қатар сенаторлар әкімшілік реформаларға байланысты Парламент Сенатында «Өңір» депутаттық тобының құрылғанын айтып, жергілікті депутаттарды өңірлерді дамытуға бағытталған жұмыстарды бірлесе отырып жүргізуге белсене қатысуға шақырды.
