• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

САУРАНДА ІСКЕР ӘЙЕЛДЕРДІҢ КЕЗЕКТІ ФОРУМЫ ӨТТІ

Автор:admin

Июл 10, 2024
Spread the love

Бүгін Жүйнек ауылдық округінде Сауран ауданында құрылған іскер әйелдер қауымдастығының кезекті форумы өтті. Форумға аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев, Түркістан облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Инара Намазбаева, Шымкент қаласынан арнайы келген кәсіпкер Құралай Бекенова, Сауран ауданы іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Дильноза Умарова, облыстық іскер әйелдер қауымдастығынан бірқатар делегация өкілдері мен аудандық әжелер, аналар алқасы, 12 ауылдық округтерінен келген кәсіпкер әйелдер қатысты.
Форумның мақсаты аудандағы өз кәсібін дөңгелетіп жүрген қарапайым әйелдердің мәртебесін көтеру, олардың кәсіби сауаттылығын арттыру, қоғамда жеке кәсібін бастап жүрген жас әйелдерге үлгі болу және ынталандыру болып табылады. Шара барысында Жүйнек ауылдық округінің тұрғындарынан құралған «Дилшод» ансамбілінің концерті, сонымен қатар, ауылдық округтерден келген кәсіпкерлердің шығарған өнімдерінің көрмелері тамашаланды.
Аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев аудан көлемінде кәсіпкерлік саласында белсенді қызмет жасап жүрген қыз-келіншектері аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады. Форумда облыстық іскер әйелдер қауымдастығының белсенді мүшелері Насиба Атаева, Ақмарал Әбдінабиева күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша баяндама жасады.
Әйел ананың бейнесі қандай болса, еліміз бен ұлтымыздың бейнесі де сондай болатыны анық. Анаға құрмет, жарға жанашырлық, қызға қамқорлық – иманға ұйыған ұлтымыздың басты ұстанымдарының бірі болды. Өз болмысына даналық мінез бен ізгі қасиеттерді жия білуі қазақ әйелін құрметті етті. Ол құрметке лайық болды және құрметтелді де.
Қазақ әйелі нағыз әйел болды. Өйткені азаматты сол тәрбиеледі. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететінін сезініп, елдік пен имандылықты ана сүтімен перзентіне сіңіре білді. Ел болып еңсе көтергелі ұлтына үлгі ғана емес, ұран болған аналар легі азайған жоқ. Сондықтан да ұлт болып ұйысқаны үшін қазақ ұлдарына қандай қарыздар болса, қыздарына да сондай қарыздар.
Жалпы халқымыздың 51 пайызын әйелдер қауымы құрайтынын ескерсек, елдегі саяси өмірге де барлық азаматтың тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз ету маңызды. Қазір мемлекеттік басқару ісінде, саясатта, бизнесте әйелдер үлесі біршама артты.
Ғылыми-зерттеулерге сүйенсек, мемлекеттікқызметтегі кем дегенде 30 пайызы басшы әйелдер болса, ол адами капиталдың дамуына, елдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының артуына оң ықпалы бар. Өйткені қазір қоғам әйел сұлулықтың, қамқорлықтың, үй жылуының нышаны ғана емес, қайсарлық пен қайраттың да тұлғасы екенін жақсы түсінді. Яғни, әйелдер отбасы ғана емес, бүкіл қоғамның дамуында маңызды рөл атқарады.
Кешегі қазақ жұртының қалыптасқан құндылықтары қыз баланың, әйел-ананың ешбір жағдайда қорғансыз қалмауын қамтамасыз етті. Туыстық қатынастар терең дамыған халқымызда әйел баласы жалғыз қалып көрген жоқ. «Қыз ағасыз, тон жағасыз болмайды», «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деген мақалдардың өзі қыз баланың қашанда қорғансыз, жоқтау-сұраусыз болып көрмегенін білдіреді. Кешегі қазақ жұртының қалыптасқан құндылықтары қыз баланың, әйел-ананың ешбір жағдайда қорғансыз қалмауын қамтамасыз етті. Туыстық қатынастар терең дамыған халқымызда әйел баласы жалғыз қалып көрген жоқ. «Қыз ағасыз, тон жағасыз болмайды», «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деген мақалдардың өзі қыз баланың қашанда қорғансыз, жоқтау-сұраусыз болып көрмегенін білдіреді.
Алайда кешегі уақыттағы қазақ жұрты әйел азаматына көрсеткен барлық қамқорлық пен құрметті қазіргі таңдағы құрмет пен қамқорлықпен салыстыруға мүлдем келмейді. Екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Қазақ ұлтының сонау біздің заманымыздан бұрынғы тарихынан бастап алатын болсақ, біздің заманымыздан бұрынғы 1 мыңжылдық пен дамыған орта ғасырға дейін әйел адамдарының мәртебесі айтарлықтай жоғары болған. Ол уақытта әйел адамдар таққа отырып, жауға шапқан болатын. Алайда осы аралықпен біздің қазақ жұрты тәуелсіздік алатын уақытты алып салыстыратын болсақ қоғамдағы әйел мәртебесінің деңгейі айтарлықтай төмендегенін байқасақ болады. Міне, тәуелсіздік алғанымыздан бері қаншама уақыт өтті, бірақ әлі күнге дейін қазақ қоғамындағы әйел мәртебесінің деңгейі қарын ашытарлықтай. Дегенмен қазіргі таңдағы қазақ әйелдерін бұрынғы замандағы әйел азаматтармен салыстыруға келмейді. Енді осы жерде көкейде сұрақ туындайды, Қоғамдағы әйел мәртебесін әйел өзі жоғалтты ма? Әлде қоғам әйел мәртебесін түсіре отыра біздің дана аналарымыз бен ибалы қыздарымызды жоғалтты ма? Осындай жағдайға жетуімізге қазақ қоғамына шығыс пен батыс елдірінен енген мәдениет пен заман ағысы кінәлі ме?!
Бұрыннан «Әйел бәріне шыдау керек, олардың қырық жаны бар» деген түсінік қалыптасқан. Отбасының барлық ауыртпалығын анаға артып қойған ерлерді, нағыз еркек деп айтуға келмейді деп ойлаймын. Әйел қамқорлыққа, қолдауға мұқтаж болған жағдайда өзінің сұлулығынан, денсаулығынан айырылады. Табиғатынан өзіне тән ерекшеліктерін жоғалтқан ана отбасына жылулық қуаныш сыйлаудан қала бастайды. Көпке топырақ шашудан аулақпыз дегенмен, ұлының арқасынан қағып, қыздарын еркелетіп, сырласа білмеген ата-анадан рухты ер, тәрбиелі қыз шығуы екі талай. Сонымен қатар қоғамда жұмысбасты әйел-аналар көбейді. Жолдасы қаржы таппайтын немесе тапқаны қазіргі заманға ілесіп өмір сүретіндей жағдайға жетпейтін болғандықтан жұмыс істеуге мәжбүр. Алайда отбасы қатардан қалмасын деген оймен ата-ана күні-түні жүмыс істегенмен, отбасындағы тәрбие ақсап жатыр.
Қазіргі қазақ әйелдері мен қыздарының қорғалуы тек құжат жүзінде қалмауы тиіс. Ер азаматтар секілді әйелдердің ақыл-ойы да негізінен орта жастарда өнімді жеміс береді. Бұл – әйел-аналардың қоғам өміріне, ел қызметіне белсене араласатын кезі. Оның ақыл-ойының өзгелер тарапынан пайдаланылуы да дәл осы кезеңде күшейеді. Отбасылық мәселелердің шарықтау шегіне жететін кезі де ата-ананың орта жастағы кезеңіне тұспа-тұс келеді. Сондықтан мемлекеттің отбасыға, ана мен балаға деген қамқорлығы тек жас отбасы мен жас аналармен шектелмеуі тиіс. Әйел-ана қамқорлыққа қай кезде де зәру. Өзінің мемлекетке керек екенін әрбір азамат сезінген жағдайда ғана әлеуметтік дерт азаяды. «Мемлекеттің ең басты құндылығы – адам және оның құқықтары» деген абзал қағида сөз жүзінде қалып қоймауы тиіс
Халықтың демографиялық жағынан өсуі қай кезеңде де әлеуметтік тұрмыс шарттарымен тікелей байланысты болған. Қоғам ең алдымен дүниеге келетіндердің емес, келгендердің қамын ойлап, жағдайын жасауға тиісті. Нақты тұрмыстық проблемалар шешімін таппай тұрып, жаңа демографиялық толқын туралы сөз қозғау қиын. Қазіргі қазақ қоғамындағы әлеуметтік тұрғыдан ең аз қорғалған топ – жалғызбасты аналар мен әкесіз балалар. Өкінішке орай қазақ отбасының елеулі бөлігін дәл осы қорғансыз топ құрайды. Ана мен балаға қамқорлық дегенде біз ең алдымен жартыкеш отбасыларды ойлауымыз керек. Қазір бұл бағытта көп жұмыстар атқарылып отырғаны белгілі, дегенмен ол бүгінгі қазақ отбасының жарты бөлігін қамтуға жетпей отыр. Сондықтан ана мен баланың жай-күйін іргелі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қолға алып, ел аумағында жаппай жүзеге асыру тетіктерін қалыптастыру қажет.
Бүгінде нәзікжанды қыз-келіншектердің қолынан келмейтіні жоқ. Түске дейін үй тірлігін тындырса, түс қайта қолға алған кәсіптеріне көңіл бөліп, арасында қоғамдық жұмыстарға да араласып жүретін іскер әйелдерді әр өңірден кездестіруге болады.
Бүгінде қыз-келіншектер өздері туралы стереотиптерді бұзып, табысты кәсіпкерге қажет қасиеттерге ие екенін дәлелдеп жүр. Дегенмен, бұл мәселені байыппен қабылдаған жөн. Іскер әйел (бизнес-леди) болу үшін сізге көп уақыт пен күш жұмсау керек болады. Іскер әйел, көшбасшы және нағыз маман болу үшін мықты мінез бен бірқатар қасиет керек.
Көптеген қыз-келіншектер мансапты нөлден жасайды. Олардың әңгімесі мен өмірбаяны мотивация береді. Басқа адамдардың тағдырымен танысу табысқа жету жолы қандай болатынын және сізді қандай кедергілер күтіп тұрғанын жақсы түсінуге көмектеседі.
Әйелдер үшін ең үлкен мәселе – жұмыс пен отбасылық өмір арасындағы тепе-теңдік. Әдетте қыздар табысқа жетуге тырысқанда бала босанатын жаста болады.
Сол үшін тепе-теңдікті сақтаудың ең жақсы жолы – ата-аналарға қолайлы әлеуметтік саясатты ұсынатын компанияны табу. Оның ішінде икемді жұмыс уақыты және қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика