Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев бүгін кезекті рет жеке қабылдау өткізіп,кезектілік тәртібімен жазылған ауданның 12 тұрғынын «Amanat» партиясының аудандық филиалында жеке мәселелерімен қабылдады. Қоғамдық қабылдауға Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Алмас Салимов, «Amanat» аудандық филиалының төрағасы Шермат Ибрагимов, аудан әкімінің орынбасары, ауданның дербес бөлім басшылары, қала және ауылдық округ әкімдері қатысып, әр мәселенің шешу жолдары қарастырылды. Қабылдау барысында тұрғындар ауыз су,тұрғын үй кезегі, әлеуметтік салаға қатысты және жеке мәселелері бойынша өтініштерін жеткізді.
-Біздің мақсатымыз – қабылдауға келген тұрғындардың өтініштері мен талап-тілектерін қанағаттандыру. Алайда, әр мәселе заң аясында шешімін табуы тиіс,- деді Арман Абдуллаев.
Қабылдау барысында аудан әкімі әрбір тұрғынның жеке мәселесін тыңдап, бірқатарына заңдылыққа сәйкес жауап берсе, бірқатар мәселені шешу үшін тиісті бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеді.Сондай-ақ аудан басшысы қабылдауда әрбір тұрғынның өтініші аяқсыз қалмай, жіті бақылауда болатынын атап өтті.
Айта кетсек, аудан әкімінің жеке қабылдауына жазылуды Сарыағаш ауданы әкімі аппаратының жалпы және әкімшілік бөлімі жүргізеді. Қабылдауға egov.kz порталы, е-otinish бірыңғай базасы және Сарыағаш ауданы әкімі аппаратына келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.
Қоса кететін, Мемлекет басшысы өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог –Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы барлық азаматтардың өтініштеріне жедел және тиімді әрекет етуге бағытталуы тиіс екенін атап өтті.
Бұл ретте Президент мемлекеттік аппарат қызметіндегі проблемалар көбінесе азаматтар мен жергілікті жерлердегі шенеуніктер арасындағы кері байланыстың болмауына байланысты екендігіне назар аударды.
Отырыста халықпен тікелей және кері байланыс арналарының жұмысындағы проблемалар негізінде әзірленген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру тәсілдері таныстырылды.
Мәселен, қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың тұрғындармен өзара іс-қимылына азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу жүйелілігінің және мемлекеттік органдардың проактивтілігінің болмауы әсер етеді.
Айта кетерлігі, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты мақсаты – билік пен халық арасында конструктивті диалог орнату.
2019 жылы Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы азаматтардың барлық өтініштеріне жедел және тиімді жауап беруге бағытталуы керек екенін атап өткен болатын.
«Жасыратыны жоқ, мемлекеттік аппарат қызметіндегі мәселелер көп жағдайда биліктегілер мен азаматтар арасында кері байланыстың жоқтығына қатысты болып келеді.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл барынша ашық және есепті мемлекетті қалыптастыру. Сондықтан, бұл тұрғыда тұрғындардың пікірі барынша ескерілуі тиіс.
Бұл бастамалар азаматтық қоғамды дамытуға негіз болады. Қазіргі шаралар аяқ астынан мәжбүрліктен қолға алынған жоқ. Ол – елімізді демократияландыруға, саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған саясаттың жемісі», деп жазды Мемлекет басшысы өз мақаласында.
Қандай да бір қоғам өркендеп дамуы үшін араларында диалогтың болу маңызды. Бір-бірінің пікірімен, көзқарасымен санаспаған, тыңдамаған, естімеген елдің ертеңі бұлыңғыр. Оны тарих талай дәлелдеді. Халық билікке, билік халыққа арқа сүйегенде ғана болашақтың таңы арайлап атады.
