2024 жылғы 26 қыркүйек күні Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ғимаратында Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Отырыстың мақсаты — Қазақстан халқы Ассамблеясының «Салауатты сана» жобасы аясында қалалық Аналар кеңесімен атқарылатын іс-шараларды талқылау және ары қарай жүзеге асыру жолдарын келісу және жалпы ұлттық референдумның негізгі мақсатын түсіндіру.
Жиынды Шымкент қаласы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ Басқарма төрағасы-Ректордың уақытша міндетін атқарушы Сүгірбаева Гүлжан Дәулетбекқызы ашып, жүргізді.
Атап айтқанда, жиында қоғамның әлеуметтік дерттерімен — нашақорлық, құмар ойындарға тәуелділік, отбасындағы және қоғамдағы зорлық-зомбылық, буллинг және ысырапшылдықпен, күресу мәселелері жан жақты талқыланды. Сонымен бірге «Салауатты сана» жобасы аясында алдағы уақытта атқарылатын іс-шаралар пысықталды.
Отырыста Аналар кеңесінің мүшесі, Ынтымақ этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Г.Төлепова, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ профессоры, БҰҰ Экология және тіршілік қауіпсіздігі халықаралық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Х.Сартаева, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ «Биология» кафедрасының доценті, биология ғылымдарының кандидаты Р.Мамыкова сөз сөйлеп, күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша ой-пікірлерін білдірді.
Кездесу барысында, 6 қазанда өткізілетін жалпы ұлттық референдумның негізгі мақсаты жөнінде де кеңінен баяндалды. Жарыс сөзге шыққан Аналар кеңесінің мүшелері талқыланған мәселелерге қатысты өз ұсыныстарын жеткізіп, қатысушыларды алдағы саяси науқанға бірауыздан атсалысуға шақырды.