Аудан әкімі Арман Сәбитов аудан орталығын аралау барысында ретсіз сауда орындарына арнайы барды. Ақсу ауылы, Абылай хан көшесі бойындағы заңсыз салынған, қызық сызыққа өтіп кеткен кәсіпкерлік нысандар аз емес.
Аталған орындарды бұзу үшін 2017-2018 жылдары соттың шешімі шыққан. Бұл жайында кәсіпкерлердің хабары бар. Алайда, әлі күнге дейін соттың шешімі орындалмай келеді. Соның салдарынан орталық көше бойында күнделікті көлік кептілісі орын алады, санитарлық талаптар өз деңгейінде сақталмайды. Көпшіліктің жүріп-тұруына кедергі келтіргендіктен тұрғындар тарапынан жергілікті атқарушы органдарға арыз-шағым да жиі түседі. Одан бөлек, ауданның көркіне де нұқсан келтіретіні де анық.
Аудан басшысы бұл мәселеге баса көңіл аударып, жуық арада соттың шешімінің орындалуын, заңсыз сауда орындарын бұзу қажеттілігін тапсырған болатын. Қазіргі таңда аталған тапсырма аясында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Кәсіпкерлермен кездесу ұйымдастырып, хабарлама таратылды. Және де оларға жеке-жеке түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Саудагерлерге заңды түрде сауда жасаудың маңызды екендігі жеткізілуде.
Ең маңыздысы – күнделікті кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтарға басқа жерден орын тауып беру мәселесі қолға алынған. Яғни, олардың кәсібін жалғастыру сауда жасауға рұқсат етілген орындар ұсынылып жатыр.
Аралау барысында осы мәселелерге қатысты аудан әкімінің орынбасары мен сала басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, жұмысты жүйелі түрде жүргізу қажеттілігі жүктелді.