Ұлы Жеңістің 79 жылдық мерекесінде аудан әкімі Арман Сәбитов ауданымыздағы соғыс ардагерінің шаңырағына барды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының және өзінің атынан мерекелік құттықтауларын жеткізіп, сый-құрмет көрсетті. Солардың бірі — Қарабұлақ ауылдық округінде тұратын 98 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Ахмаджан Анартаев.
Ахмаджан Анартаев 1926 жылы 10 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылында жұмысшылар отбасында дүниеге келген. 1944 жылдың 5 мамырында Сайрам аудандық комиссариатына шақырылып, 64-ші атқыштар полкінде әскери борышын өтеген. Польшаны азат ету ұрысына және Германия соғысына қатысқан. 1949 жылдың 10 сәуірінде әскерден оралған. I дәрежелі «Ұлы Отан Соғысы», «Германиядағы жеңіс үшін» және 8 мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Аймақ басшысы ауданымыздағы соғыстың жалғыз куәгеріне амандық тілеп, қаржылай және арнайы сый-сияпаттар табыстады. Сондай-ақ, ерен ерліктері әрдайым дәріптелетінін, оларға деген сый-құрмет бүгінгі бір күнмен шектелместен, алдағы уақытта да күн санап арта түсетінін айтты.
— Сіз өз Отанын қорғауда өскелең ұрпаққа үлгі боларлық батылдық таныттыңыз. Отты жылдары тұла бойын оққа тосқан қайсар мінезіңіз бен ерен еңбегіңізге тағзым етеміз! Біз мұны мәңгі жадымызда сақтаймыз және мақтан тұтамыз, — деді аудан әкімі Арман Сәбитұлы.
Майдангер мейраммен құттықтап келген аудан әкімі мен қонақтарға алғыс айтты. Сын шақтарға шегініс жасап, зұлмат жылдардағы естеліктерімен бөлісті. Елімізге бейбітшілік тілеп, ақ батасын берді.
— Қан майдан даласындағы қиындықтың бәрі артта қалды. Енді елімізде бұдан былай соғыс болмай, тек бейбітшілік орнасын. Еліміздің қамын ойлайтын азаматтар аман болып, әрбір шаңырақ шаттыққа кенелсін, — деді Ахмаджан Анартаев.
Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі