Кентау қаласы патрульдік полиция батальонының қызметкері жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында рейдтік-профилактикалық іс-шара барысында, көлік жүргізушілеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Полицей қызмет атқару кезінде тоқтатылған «Ауди-А6» маркалы автокөлігінің алдыңғы орындығынан есірткіге ұқсас зат салынған күмәнді пакетті анықтайды. Бірден жедел-тергеу тобын шақырып, тиісті тінту шаралары жүргізілді.
Тәртіп сақшылары тінту барысында, көліктен 20 дана полиэтилен пакетіне оралған жасыл түсті, өткір иісті есірткіге ұқсас затты анықтады. Одан әрі күдікті жүргізушінің тұрғылықты мекен-жайын тексеру кезінде, сарайдың ішінен пакетке салынған есірткіге ұқсас өсімдік табылып, тәркіленді.
Тағайындалған сараптама ұсынылған өсімдіктің жалпы салмағы 1 келіден астам «кептірілген марихуана» екенін растады.
Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары атқарылуда. Күдікке ілінген жүргізуші, яғни орта жастағы жұмыссыз кентаулық ер адам қамауға алынды.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі