Ордабасылық полицейлер жеңіс күні қарсаңында аудандағы жалғыз соғыс ардагеріне құрмет көрсетіп, құттықтау шарасын өткізді.
Полиция бөлімінің бастығы Ғалымжан Қуашбаев бастаған полиция қызметкерлері ғасыр жасаған Ұлы Отан соғысының ардагері Қалмен Мұратұлының шаңырағына арнайы ат басын бұрып, абыз ақсақалдың ақ батасын алды.
Ұлы Жеңістің 79 жылдығын тойлағалы отырған ардагер қан майданға небәрі 17 жасында аттанған. Өмірінің 35 жылын Арыс пен Бадам аралығындағы темір жол бойында өткізген, ғасырмен құрдас ақсақалдың ширақтығына куә болдық.
Үлкен отбасын асырап, ұл-қызын жетілдіру үшін Қалмен атамыз аянып қалмапты. Алдымен Арыс вагон депосында, кейіннен Бөген станциясындағы мекемелерде 1984 жылға дейін тер төккен.