«Шымкент қаласы білім, спорт және бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің құрамындағы Шымкент қалалық білім басқармасының Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияда «Мектепті дамытудың басты негізі — құндылықтарға негізделген сапалы білім» тақырыбында бірінші педагогикалық кеңес өтті. Бұл туралы R-factor.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Педагогикалық ұжымның 2022-2032 оқу жылының оқу – тәрбие жұмысының қорытынды есебі тыңдалып, жаңа 2023-2024 оқу жылының оқу-тәрбие жұмысының міндеттері мен негізгі бағыттары айқындалып, мектептің жылдық жоспары бекітілді. Жаңа оқу жылында басшылыққа алатын нормативтік құқықтық актілерді түсіндіру және де мектептің бірқатар жоспарлары талқыланып, бекітілді. Білім сапасын арттыруға бағытталған бірнеше жобаларын бірлестік жетекшілері ұсынып, қабылданды.
Жаңа оқу жылында оқушылармен жұмысты жүйелі ұйымдастыру, олимпиадалар мен ғылыми жобаларға тарту мақсатында жұмыс қадамдары нақты берілді.
Сонымен қатар кәсіподақ мүшелері ұлағатты ұстаздар география пәнінің мұғалімі Исаева Замира Наухановна, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Бекаманова Курбанкуль Усеровна және дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Оразымбетов Рақымжан Кенесовичті зейнеткерлік демалысқа шығару салтанатты рәсімі ұйымдастырылды.
Өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялап, уақытпен санаспай, бір емес бірнеше түлектерді ұядан ұшырған, барлық өмір жолын білім саласына арнап, шәкірт тәрбиелеуден жалықпаған ұстаздарымыз мектебімізде 40 жылға жуық бейнеттеніп, ендігі кезекте адал еңбектерінің зейнетін көрмек.
Зейнеткер ұстаздарымыздың мектеп абыройын асқақтату жолында еңбектері ерен. Пәндік олимпиадалар, ғылыми жобалар, спорттық жарыстарда үлкен жетістіктерге қол жеткізген шәкірттері қазіргі таңда әр түрлі сала мамандары, әлемнің түкпір-түкпірінде абыроймен қызмет етіп жатқан білікті маман иелері.
Зейнеткер ұстаздарымызды құрметтеу, жақсы көңіл-күй сыйлау мақсатында мектеп басшылығы мен ұстаздар ән шашуларын жолдап, адресаттарын тапсырды, «Адал еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапаттады.